«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты мен Тараз қаласы білім бөлімінің ұйымдастыруымен «ҒЫЛЫМИ МЕКТЕПТІ ҚҰРУДАҒЫ МЕНТОРЛЫҚ: Мектеп пен жоғары оқу орны байланысының алғышарттары» тақырыбында менторлық кездесу өтті.
Менторлық кездесудің мақсаты: Мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы ғылыми мектеп қалыптастырудың тиімді тетіктерін анықтау, менторлық жүйенің рөлін айқындау және оқушылардың зерттеушілік құзыреттілігін дамытуға жағдай жасау.
Кездесуге «AMANAT» партиясы Жамбыл облысы филиалының төрағасының орынбасары Ускумбаева Дамеш Шакиевна, өкілдері Тұрмаханбетова Рахия Сейтбековна, Жолдасова Орынқыз Көпбосынқызы Тараз қаласындағы жоғары оқу орындарының оқытушы профессорлары қатысты.
«AMANAT» партиясы Жамбыл облысы филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ғылыми бағытының жетекішісі Жолдасова Орынқыз Көпбосынқызы мен №49 мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы, «Менің шағын Отаным» республикалық конкурсының І орын иегері Тайбағар Дарын модератор болды.
Кездесуге Тараз қаласының білім бөліміне қарасты мекеме педагогтері, директордың әдістемелік орынбасарлары, зерттеушілік іс-әрекетпен айналысып жүрген 9-10 сынып оқушылары, барлығы 250-ден аса адам қамтылды.
Іс-шарада сөз алған спикерлер мектеп пен жоғары орындарының арасындағы сабақтастықтың маңызы, ғылыми-практикалық байланыстардың нығайтылуы, бірлескен жобалар мен іс-шараларды өткізудің тиімділігіне тоқталды. Сондай-ақ, оқушылардың ғылым мен білімге қызығушылығын арттыру мақсатындағы қадамдар талданып, өзекті тақырыптар мен зерттеушілік жұмыстарға көрсетілетін қолдау түрлері, мектеп оқушыларының түрлі интеллектуалдық сайыстарда жеткен жетістіктері айтылды.
Мұндай маңызды іс-шаралардың білім алушылардың қызығушылығын арттыруда орны ерекше екендігі сөзсіз.