Бата қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қарастырылады. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандык, адалдық пен арамдық, обал — сауап турасындағы моральдық — этикалық түсініктерінің айғағы іспетті.
Бүгін Жаңатас көпсалалы колледжінде аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен дәстүрлі «Батамен ел көгерер» атты облыстық байқауының аудандық іріктеу сайысы өтті.
Мәні терең байқауға ауданымыздан 7 қария қатысып, 3 кезең бойынша бақтарын сынады. Шараның ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков құттықтау сөз сөйлеп, батаның адам өміріндегі маңыздылығына тоқталды. Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов та ізгі тілегін жолдап, байқауға қатысушыларға сәттілік тілесе, Шәріпбек Қалжанов қария ақ батасын берді.
Аудандық іріктеу сайысының қорытындысы бойынша бас жүлдені Жаңатас қаласынан Дарханбек Тұрсынбекұлы жеңіп алып, облыстық байқауға жолдама алды. 1 — орынды Жаңаарық ауылдық округінен Серік Төлеуов, 2 — орынды Игілік ауылынан Күлдан Жаманғараева және 3 — орынды Саудакент ауылынан Арқабай Төлмағанбетов иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.