«Ойын мен зерттеу арқылы мектепке дейінгі жастағы балаларды мектепке бейімдеу» тақырыбында облыстық семинар өтті

0 14

Байзақ ауданындағы “Балдырған” балабақшасында «Ойын мен зерттеу арқылы мектепке дейінгі жастағы балаларды мектепке бейімдеу» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін арттырып, ойын және зерттеу әрекеттері арқылы балаларды мектепке психологиялық, әлеуметтік және танымдық тұрғыдан бейімдеудің тиімді жолдарын тәжірибе арқылы көрсету болды.


Семинар барысында педагогтерге мектепке дейінгі жастағы балаларды мектепке даярлаудың теориялық негіздері түсіндіріліп, ойын технологиялары мен зерттеу әдістерінің бала дамуына әсері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, балалардың танымдық белсенділігін арттыру, қызығушылығын ояту және дербестігін қалыптастыруға бағытталған заманауи әдіс-тәсілдер ұсынылды.
Іс-шара аясында ұйымдастырылған «Жарық жұлдыздар» атты концерттік бағдарлама семинардың шырайын келтіріп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Семинардың ашылуында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты оқу-әдістемелік орталығының мектепке дейінгі білім беруді дамыту бөлімінің жетекшісі Гүлмира Сейтбекова құттықтау сөз сөйлеп, мектепке дейінгі білім беру саласындағы ізденіс пен тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды.
«Ойын мен зерттеу арқылы мектепке дейінгі жастағы балаларды мектепке бейімдеу маңыздылығы» тақырыбында баяндама жасаған «Балдырған» балабақшасының әдіскері Сматилдаева Азима Есенғалиқызы ойын әрекеті арқылы баланың ойлау, қарым-қатынас және әлеуметтік бейімделу қабілеттерін дамыту жолдарына тоқталды.
Практикалық бөлімде балабақша педагогтері «Шаңырақ – жанұя жылуы», «Наубайхана», «Әуежай», «Ғарыш» тақырыптарында ұйымдастырылған ойын іс-әрекеттерін көрсетті. Әрбір ұйымдастырылған жұмыс барысында балалардың зерттеушілік қабілеттерін дамытуға, шығармашылық ойлауын қалыптастыруға және еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін әдістер таныстырылды.
Сонымен қатар, «Ойын мен зерттеу – мектепке алғашқы қадам» атты шебер сынып өткізіліп, педагогтер тәжірибелік жұмыстармен бөлісті. Ал «Күйзелістен – ресурсқа» тренингі қатысушыларға эмоционалдық тұрақтылықты сақтау мен кәсіби мотивацияны арттыру бағытында пайдалы кеңестер ұсынды.
Семинар соңында «Еркін микрофон» кері байланыс алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Қорытынды сөз сөйлеген Гүлмира Жолдасқызы семинар жұмысына жоғары баға беріп, педагогтердің шығармашылық ізденістеріне сәттілік тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.