Талас аудандық ауруханасында шеберлік сабағы өтті

0 35
Талас аудандық көпбейінді орталық ауруханасында мектеп оқушыларына алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабағы өткізілді. Іс-шара «Медициналық волонтерлік» жоба аясында ұйымдастырылып, «Қаратау жастары» волонтерлік қозғалысымен бірлесе жүзеге асырылды.
Аталған форматтағы шеберлік сабағы алғаш рет өткізілді, сондықтан оқушылар үшін ерекше әрі маңызды тәжірибелік алаңға айналды. Мұндай бастама жасөспірімдер арасында медициналық сауаттылықты арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Іс — шараның басты мақсаты – төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыру, өмірге қауіп төнген сәттерде алғашқы медициналық көмек көрсетудің негізгі қағидаларын үйрету және азаматтық жауапкершілікті дамыту.
Іс-шара барысында қатысушыларға қан тоқтату, жарақаттарды дұрыс таңу, күйік кезінде алғашқы көмек көрсету, есінен танған адамға көмек көрсету, тыныс алу жолдарының бітелуі кезінде әрекет ету және жүрек-өкпе реанимациясының (ЖӨР) бастапқы дағдылары теориялық әрі тәжірибелік түрде түсіндірілді.
Шеберлік сабағын тәжірибелі, жоғары білікті реаниматолог дәрігер Гулзада Турегелдиева және жас маман — реаниматолог дәрігер Нүркен Әуесбек жүргізді. Дәрігерлер оқушыларға тек алғашқы көмек көрсету дағдыларын ғана емес, шұғыл жағдайда сабыр сақтап, тез әрі дұрыс шешім қабылдаудың маңыздылығын да түсіндірді.
Сонымен қатар, дәрігерлер шұғыл жағдайларда жиі жіберілетін қателіктер туралы айтып, қарапайым әрекеттердің өзі адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқаратынын ерекше атап өтті.
Оқушылар белсенді қатысып, үлкен қызығушылық танытты және көптеген сұрақтар қойды. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың өмірге деген жауапкершілігін арттырып, қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.Атап өту керек, мұндай шеберлік сабақтары алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Жоба аясында мектептер мен жастар ұйымдарымен бірлескен кездесулер, практикалық тренингтер және оқу-үйрету сабақтары жалғасын табады. Бұл бастама өңір жастарының алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын жүйелі түрде дамытуға бағытталған.
Leave A Reply

Your email address will not be published.