Қордай аудандық орталық кітапханасының коворкинг орталығында қазақ халқының ұлы ақыны, жыр дүлдүлі Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты аудандық шығармашылық байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Рухани-мәдени шараның басты мақсаты – ақын мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды.
Аталған байқауға аудан көлемінен дарынды жастар қатысып, өз өнерлері мен білімдерін үш кезең бойынша сынға салды. Қатысушылар қатарында Арал ауылдық кітапханасынан Болатбек Мақпал, Алға ауылдық кітапханасынан Қожабек Нұрали, Қордай ауылынан Тұрғанбай Нұрай, «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінен Байұзақ Алмас және Өтеген ауылдық кітапханасынан Сәрсенбаев Тілеген болды. Әр қатысушы байқау барысында өздерінің дайындықтарын көрсетіп, ақын шығармаларын мәнерлеп оқып, шығармашылық тапсырмалар орындап, көрермендер мен әділқазылар алқасының ықыласына бөленді.
Байқаудың әр кезеңі мазмұнды әрі тартымды өтті. Қатысушылардың сахна мәдениеті, сөз саптауы, көркем оқу шеберлігі мен шығармашылық ізденістері ерекше бағаланды. Жастардың қазақ әдебиетіне деген құрметі мен қызығушылығы, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі шара барысында айқын көрініс тапты. Сонымен қатар қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы тың мәліметтер айтып, өздерінің жан-жақты дайындықтарын дәлелдей білді.
Әділқазылар алқасы байқауға қатысушылардың өнерін әділ бағалап, нәтижесінде Өтеген ауылдық кітапханасының тұрақты оқырманы Сәрсенбаев Тілеген үздік деп танылды. Ол өзінің жоғары дайындық деңгейімен, көркем сөз оқу шеберлігімен және шығармашылық қабілетімен ерекшеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Бұл жеңіс қатысушының ғана емес, оны дайындаған кітапхана ұжымының да еңбегінің жемісі болды.
Шара соңында барлық қатысушыларға арнайы алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды. Ұйымдастырушылар қатысушыларға сәттілік тілеп, алдағы уақытта да осындай рухани шараларға белсенді қатысуға шақырды. Кеш барысында әдебиет пен өнердің маңызы туралы тағылымды ойлар айтылып, жастарға рухани тәрбие берудің маңыздылығы кеңінен насихатталды.
Осындай мазмұнды шаралар жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін шыңдап қана қоймай, ұлттық әдебиет пен мәдениетке деген құрметін арттыра түседі. Ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың мол мұрасын дәріптеу арқылы өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен рухани құндылықтарды сіңіру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі екені анық.