Елімізде қолданысқа енгізілген жаңа салық кодексі жетім балаларды асырап алған ата-аналарды табыс салығынан босатады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Жетім балаларды асырап алғандар жылдық табысының мөлшеріне қарай табыс салығынан босатылады», — дейді Руслан Дәленов. Жалпы жетім балаларды асырап алғандардың табысы жылына 2,1 миллион теңге шегінде болса, олар салықтан төлеуден босатылады. ҚР Ұлттық экономика вице-министрі өз сөзінде асырап алынған бала 16 жасқа толғанға дейін ата-анасы осы жеңілдікке ие болатынын атап өтті. Сонымен қатар, жаңа салық кодексінде мүгедек болып қалған ата-ананың біріне жер салығы, тіркеу алымы, мемлекеттік баж бойынша жеңілдік қарастырылған. Руслан Дәленовтың айтуынша, Қазақстанда 76 мыңға жуық азаматқа осы бағыт бойынша жеңілдік беру көзделіп отыр.
Дереккөз: inform.kz