«Мирас» аймақтық кеңесінің кезекті отырысы өтті

0 7

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында «Мирас» аймақтық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Филиал төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұраттың қатысуымен өткен жиын Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына арналды. Жиында негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылуға тиісті жұмыстардың жай-жапсары кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, басқосуда «Мирастың» мүшелігіне облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіманап пен облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы Қуат Әуесбай қабылданды.

Жиында алғашқы болып сөз алған облыстық «Jambyl» телеарнасының басшысы Жасұлан Әбдіманап Елбасы ұсынған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы мен IT технологияларды меңгерудің берер пайдасы туралы ой қозғады.

Бұрын тек байланыс құралы болып келген телефон бүгінде көптеген функцияларды атқаруда. Мысалы, үйде отырып-ақ банктен ақша аударып, қажетті құжатыңызға тапсырыс беруге болады. Қазір 3 жасар баланың өзі ұялы телефонның түрлі қызметерін пайдалана алады. Ал, керісінше қызметте жүрген 40 пен 60 жас аралығындағы біраз кісілер оның мол мүмкіндіктерін қолдана алмай жүр. Яғни бізге IT технологияны жастардан гөрі, үлкен кісілерге оқыту керек, – деді Жасұлан Әбдіманап. Телеарна басшысының ұсынысы кеңес мүшелерінің қолдауына ие болды.

Ал, мәдениет саласының ардагері Тәкен Молдақынұлы Жолдаудағы бесінші және алтыншы, жазушы Елен Әлімжан тоғызыншы және оныншы міндеттері бойынша ойларын ортаға салды. Бұдан әрі ақындар – Қайырбек Асанов, Шырын Мамасерікова еліміздің, өңіріміздің дамуы және жастардың мүмкіндігі жөнінде пікір білдірді. Облыстық Ш.Уәлиханов атындағы ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Абдинова Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының маңыздылығына тоқталды. Туындының 508 беттен және 4 негізгі бөлімнен тұратынын, электрондық нұсқасы да жарық көргенін атап өтті.

Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев көпшілік назарын облыс әкімінің қолдауымен өңір зиялыларының, қаламгерлерінің көптомдығы шығатынына аударып, дайындық жұмыстары бастылып кеткенін, бұл дүниелер болашаққа ғажайып мұра болатынын сөз етті.

Жиын соңында бірқатар ұсынымдар қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.