Қостанайдағы облыстық балалар үйі жабылады

0 0

Биыл Қостанайдағы облыстық балалар үйі жабылады. Жергілікті басшылық осындай шешім қабылдап отыр. Себебі мекемелердегі тәрбиеленушілер саны жыл сайын азайып келеді. Соңғы бес жылда 366 бүлдіршінді патронат отбасылар асырап алса, 800-ге тарта бала өз ата-анасымен қауышқан. Марат пен Алена – екі баланың ата-анасы.

Шаңырақтың шаттығы сәбидің күлкісінде деп есептейтін мейірімді жандар биыл қатарынан төрт бала асырап алуға шешім қабылдады. Құжат әзірлеуге көп уақыт кеткен жоқ. Аңсаған тілек орындалды. Енді олар – алты баланың ата-анасы. Алёна Сонарбаева, асырап алушы: — Арнайы порталдан қарадық, онда балалар үйі мекемесінің, тәрбиеленушілердің барлық мәліметі жазылған. Соларды оқып, керекті құжаттарды әзірледік. Келіп, көріп таныстық. Қостанай облысы бойынша әлеуметтік қорғауға алынған 700-ге тарта бүлдіршін бар. Олар 9 мекемеде тәрбиеленеді. Солардың бірі – отбасылық үлгідегі «Жанұя» балалар үйі. Былтыр мұндағы тәрбиеленушілер саны да 12 балаға кеміген. Ольга Козлюк, «Жанұя» отбасылық үлгідегі балалар үйінің директоры: — Кейбірін асырап алды, енді біреулері үйлеріне қайтарылды. Бұл жерде барлық жағдай жасалғанмен отбасының аты – отбасы. Ата-ана тәрбиесінің жөні бөлек. Қазіргі мемлекеттің саясаты патронат отбасыларға басымдық беріп отыр. 2017 жылы Федоров ауданындағы бір нысан бала саны толмағандықтан жабылған болатын. Енді облыстық балалар үйі де жұмысын тоқтатпақ. Себебі үш қабатты алып ғимаратта небәрі 52 бүлдіршін ғана қалған. Дастан Байешов, облыстық білім басқармасының бас маманы: — 20 бала осы жылы балалар үйін бітіріп, түлек атанады. Ал қалған балалар үшін түрлі альтернативті отбасы формалары арқылы орналастыру жүргізіледі. Одан қалғаны «Рудный» балалар үйіне орналастыру арқылы шешімін табады. Ал босап қалған мекеме ғимаратын мамандандырылған ІТ-технология мектебіне айналдыру жоспарланып отыр. Онда үш жүзге тарта дарынды оқушы білім алатын болады.

Дереккөз: 24.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.