Жамбылда 7 адамды үсік шалды

0 0

Жамбыл облысында қыс қаһарына енді мінді. Қаңтардың ортасында қалың жауған қар біраз әбігерге салса, 5 күннен бері күшіне енген аяздың беті әлі қайтпай тұр. Дәл осы күндері аязға ұрынған 7 тұрғын денсаулық сақтау мекемелеріне әкелінген.

Алайда, жедел жәрдеммен жеткізілген жеті адамның алтауы алкогольді ішімдік ішіп, масаң күйде болған. Олардың үйлердің ауласында, көпқабатты үй маңында, көлшік жағасында жерде жатқанын көрген тұрғындар жедел жәрдем шақырған.

Біреуін аяғы үсіген күйде А. Асқаров көшесінде орналасқан үйсіз жандарға арналған арнайы қабылдау мекемесінің жанынан алып келді. Ал, аяздан зардап шеккен жетінші тұрғын, көктайғақта тайып құлап, жарақат алған,- дейді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Венера Балқыбекова.

Жедел жәрдеммен жеткізілгендерге «Алкогольден мас болу. Ағзаның жалпы суықтауы» диагнозы қойылған, жас шамасы 19 бен 55 арасы. Ал, ауа райын болжаушы мамандар қатты аяздың алдағы 3-4 күнде де сақталатынын айтып, сақтануды ескертуде. Ауа температурасының қатты төмендеуінен өңірдегі Мойынқұм және Сарысу аудандарында сабақ тоқтатылды. Күн райы желсіз , жауын – шашынсыз болғандықтан көлік жолдарындағы жағдай тұрақты. Республикалық мәндегі жолдар мен «Қордай», «Күйік», «Шақпақ», «Хантау» асулары ашық.

Дереккөз: www.inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.