Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Шу ауданына жұмыс сапарымен болып, өңірдегі бірқатар кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігін көзбен көрді .
Өңір басшысы әуелі «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Хим-плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрды. Жобалық құны 2,28 миллиард долларды құрайтын химиялық паркте келешекте химия өнімдерінің 16 түрін өндіретін өндіріс ошақтары бой көтереді. Ағымдағы жылы арнайы экономикалық аймақта каустикалық сода және хлор өндіретін «Хим-Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін іске қосу жоспарланған. Алайда, кәсіпорын басшылығы химиялық парктегі инфрақұрылым тарту жұмыстарының аяқталмауына байланысты өндірістік үрдістің бір жылға кешігіп басталуы мүмкін екендігін айтып отыр.
Мұнан соң, Асқар Исабекұлы «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында болып, ондағы қазандықтарды газбен жылытуға көшіру жұмыстарының барысымен танысты. Кәсіпорын қызметінің 77 пайызын Шу қаласы тұрғындары тұтынады. Сол себептен де, өткен жылдың шілде айында бұған дейін көмірмен жылытылған қазандықтарды табиғи газға көшіру қолға алынып, оған 280,3 миллион теңге бөлінді. Орталықты қазандықты «көгілдір отынмен» жылыта бастаған кәсіпорын жұмысына ендігі жерде газ қысымының төмен болуы кері әсерін тигізуде.
Келесі сәтте облыс әкімі Шу қаласындағы Абай атындағы орта мектебіне барып, білім ошағының ахуалын көрді. Жалпы сыйымдылығы 460 оқушы болатын мектепте бүгінде 628 оқушы білім алады. Педагогикалық ұжымда 53 педагог бар. Іргетасы 1929 жылы қаланған ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Нысанды жөндеуге қажетті жобалық сметалық құжаттар әзір. Мектепті жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен жалпы сомасы 164,8 миллион теңге қарастыру көзделуде.
Сонымен бірге, облыс әкімі Шу қаласындағы «Жайсан» тұрғын үй алқабына инфрақұрылым тарту және «Жетісу» тұрғын алқабындағы 75 пәтерлі тұрғын үйді қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысымен де танысты. Қазіргі таңда, «Жайсан» тұрғын үй алқабында
инфрақұрылым тарту жұмыстары көңіл көншітпейді. Себебі, тиісті жұмыстарға жауапты мерзім «Дайана ПКФ» пен «Компания Догду Билд» жауапкершілігі шектеулігі серіктестіктері де өз жұмыстарына салғырттық танытқан. Ал, «Жетісу» тұрғын алқабындағы 4 көп пәтерлі толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілсе 350 отбасын баспанамен қамту мүмкін болмақ. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға жоғарыда көтерілген мәселелерді реттеп, «Жетісу» тұрғын алқабындағы көп пәтерлі үйлердің барлығын күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, А.Мырзахметов «Жамбыл-жол құрылысы» кәсіпорнының меншігіндегі «СПТУ-24» техникалық колледжінің ғимаратының жағдайын көзбен көрді. Жалпы құны 150 миллион теңгені құрайтын ғимарат қазір «Қазкоммерцбанкте» кепілде тұр. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға ғимаратты мемлекет меншігіне қайтарып, оны 600 орындық мектеп-интернаты етіп пайдалану жайын ойластыру қажет екендігін айтты.
Ауданға жұмыс сапары кезінде Асқар Мырзахметов мақсары майы мен майлы, дәнді дақылдар өнімдерін өндіретін «Kaz-Ir-Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де жұмысымен танысты. 2012 жылы ашылған кәсіпорын тәулігіне 3 тонна сұйық май өндіретін. Мұнда қазір 63 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Серіктестік жетекшілері жер көлемін көбейту арқылы өнімділікті де арттыруға мүдделі.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Шу ауданы активімен қорытынды жиын өткізіп, жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.