Ауыл әкімдері ай қарап отыр ма? Елді-мекенге қарасты жер көлемін білмейтін әкімдер несіне қызметте отыр? Өткен аптада бірнеше ауданды аралап, өңір экономикасын өрге бастырудың жолын қарастырған аймақ басшысы Асқар Мырзахметов Қордай ауданының активімен өткен жиында ауыл әкімдерінің жұмысын сынға алды.
Қордай ауданының жер көлемі – 133 мың гектар. Оның 39 мың гектары суармалы, 94 мыңы тәлімдік жерлер. Былтырғы жүргізілген ауылшаруашылығы есебіне сәйкес, осы 133 мың гектардың 2 мың гектарға жуығы қолданылмаған. 38,9 гектар суармалы жерлерге рентабельдігі төмен және суаруды аса талап етпейтін 2 мың гектар бидай, 1,8 мың гектар арпа, 1,4 мың гектар мақсары мен 16,3 мың гектарға көпжылдық шөп орналастырылған. Суармалы жерлердің потенциалы жоғары және бұл алқаптарда жоғары өнім алуға мүмкіндіктің мол екендігін ескере отырып, бұл жерлерге қант қызылшасын, жеміс-көкөніс, бау-бақша мен өзге де техникалық дақылдарды орналастыруға болады. Бұдан бөлек, 44 мың гектар егістік жер, жайылымдыққа аударылып кеткен.
– Барлық аудандағы жерлерді ғарыштық түсірілім арқылы тексеретін боламыз. Шын мәнінде аудандағы 130 мың гектар қолданылып отыр ма, әлде басқаша ма – анықтаймыз. Жерлерді тиімді пайдалануды неге жер инспекциясы тексеру керек? Неге мұндағы ауылдың әкімдері өздеріне қарасты елді мекендердегі жердің жағдайын білмейді? Ауыл әкімдері жағдайды анық білетін болса, көптеген мәселе шешімін оңай табар еді. Міне, осы жерде жұмыс ақсап отыр. Ауылдың әкімін жұмыс істеткізу керек, төңірегіңдегі жерінің, ауыл шаруашылығының жағдайын білмесе, несіне ол жерде қызмет істеп отыр? – деді облыс әкімі актив жиынында.
Естеріңізде болса, Жамбылдың жаңа әкімі осыған дейін басқарма басшыларымен жаңа форматтағы жиын өткізіп, әр саладағы проблемаларды талқылаған болатын. Мемлекеттік басқарудың тың тәсілін қолға алған басшының үдесінен басқарма басшылары мен аудан әкімдері шыға ала ма, шыға алмай ма, ол келер күннің еншісінде.
Деректер мен мәліметтер облыс әкімінің баспасөз қызметінен, taraztv.kz сайтынан алынды.