СОТ САРАПШЫСЫ ЖАЛҒАН ҚҰЖАТ ЖАСАПТЫ

0 11

Тараз қаласындағы ауданаралық мамандандырылған сотта 2004 жылғы банкир Ержан Татишев өліміне байланысты Мұратхан Тоқмадиға қатысты сот ісі жүріп жатыр. Татишевтер отбасының адвокаты Евгений Яворский АҚШ-тан тәуелсіз сарапшылар шақырылғанын мәлімдеді. Адвокат банкирдің қазасына себепкер болған мылтықтың өздігінен атылып кетуі мүмкін бе деген сұрақтың нақты жауабын осылар береді деген үмітте, деп Aikyn.kz хабарлады.

Бизнесмен, «КазСтройСтекло» компа­ния­­сының директоры Мұратхан Тоқмадиге Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы нұсқасы бойынша 96-бабындағы 2-тармағының «ж» және «з» пункттерімен айып тағылып (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жаса­ған; пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен ұштасқан адам өлтіру) іс сотқа берілген. Сот процесінде БТА банктің бұрынғы қызметкерлерінен, айыпталушы Тоқмадидің таныстарынан, сондай-ақ банкир қаза болған кезде сот сарап­­тамасын жасаған орталық қызметке­рі­нен жауап алынды.

Бұдан бұрын, 2007 жылы 3 қыркүйекте Мұратхан Тоқмади банкир Ержан Татишевті абайсызда өлтірген деп айыпталып, Тараз қалалық сотының шешімімен 2004 жылы 19 желтоқсанда аңшылық барысында абайсызда Татишевтің өліміне себепкер болғаны үшін бір жылға бас бостандығынан айыруға (рақым­­­шылық бойынша жазадан босатылуға) кесілген болатын. Татишевті атып өлтірген қаруға қатысты жаңа мәселелердің пайда болуына байланысты бұл іс қайта қаралып жатыр. Банкир Татишевтің өліміне қатысты Мұратхан Тоқмадидің ісін қарауды Тараз қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі ауда­наралық мамандандырылған соты 16 ақпанда бастаған.
Өткен жұмада Шымкент қаласында өткен баспасөз жиынында Татишевтер отбасының адвокаты Евгений Яворский АҚШ-тан үш тәуелсіз сарапшы шақырылғанын мәлімдеген. Бұлар оқ тиіп қаза тапқан банкирге тиесілі Германияда жасалған жаңа винтовканың өздігінен атылып кету мүмкіндігін зерттеп, сараптама жасайды.
«Мен Татишевтер отбасының мүддесін қорғаймын. Олар – Мұратхан Тоқмадиге қатысты іс бойынша жәбірленушілер. Осыған байланысты, 2018 жылдың 27 ақпанында АҚШ-тан криминалист мамандар Майкл Патрик Мерфи және Мал Майкл Перкинсктің Таразға келетінін сіздерге хабарлаймын. Бұл мамандардың осы салада 20 жылдан астам жұмыс өтілі бар. Сонымен қатар атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қасақана кісі өлтіру қылмыстары бойынша маманданған Ирис Дейлли ұшып келеді. Біз бұл мамандар­дан сотта куәгерлер ретінде жауап алынсын деген өтініш бермекшіміз. Сонымен қатар бұл мамандардың бізге берген сараптама құжат­тарын сотта жариялауды жоспарлап отырмыз», – деп мәлімдеді адвокат Евгений Яворский.
Бұған дейінгі өткен сот процесі бары­сын­д­а банкир Ержан Татишевтің қаза болған күні туралы марқұмның жеке күзетшісі егжей-тегжейлі айтып берген. Сондай-ақ БТА банк­­тің несиелеу жөніндегі экс-директоры Қай­рат Садықовтан, Тоқмадидің бұрынғы әріп­тесі Талғат Сейітовтен, Ішкі қауіпсіздік бас­қармасының бастығы Сұлтанбек Ақпен­бе­тов­тен және 2000 жылдардың басында осы банк­те жұмыс істеген бейнеоператорлардан сот залында жауап алынған болатын. Куәгер ре­тінде Мұратхан Тоқмадидің бұрынғы зайы­бы Светлана Жәкішевадан да сотта жауап алынды.
Оның айтуынша, Мұратхан Тоқмади мен Ержан Татишев аңға бірге шығатын, бірге бильярд ойнайтын болған. Мұратхан ән айт­қан­да Ержан ұйып тыңдайтын. Екеуі жақын дос болған, Ержан бұлардың үйіне де келген. Тоқмади 2001 жылы Непропёкинмен бірлесіп жұмыс істеген. Бұлар отбасымен бірге араласқан. Непропёкин Мұратханға бизнес ашуға ұсыныс жасап, екеуі «Семрюжком» ЖШС ашқан. Осы кезде олар «Тұран Әлем» банкінен қаржы сұрайды. Ержан Татишев оларға қолдау көрсеткен. Тоқмадидің бұрын­ғы әйелі Светлана Жәкішева Ержан Татишев­тің қаза тапқанын өзінің күйеуінен естіген. Мұратханды аң аулауға Ержан Татишевтің өзі шақырғанын білемін. Біз бір жерде қонақта болғанбыз… Содан кейін (Ержан Татишев қайтыс болғаннан кейін) Мұратхан маған телефон соғып, қайғылы оқиға болғанын хабар­лады, нақты қалай болғанын айтқан жоқ» деді соттағы сөзінде куәгер Светлана Жәкішева.
Ержан Татишевтің өліміне қатысты сот процесінде Сот сараптама орталығының қызметкері Сергей Уфимцевтен осы іске қатысты жауап алынды. Куәгердің айтуынша, 2005 жылы Ержан Татишевті өлтіру ісі бойын­ша тергеу жұмыстары барысында қарудың белгілі бір бөлшегіне механикалық өзгерістер жасалған.
«2005 жылы осы іс бойынша құрылған сарап­тама комиссиясына мені кіргізді. Сарап­­­­таманы қолға алғаннан кейін, Бишма­нов мырза (Сот сараптама орталығының бас­шы­сы) Астанадан келді, ол да комиссия мүшесі болатын, мені кабинетіне шақырып алды да: Бұл орталықтың нұсқауы – қарудағы ілгекті кішірейту керек, ілгек кіші болса ол өздігінен атылып кетеді» деді. Мен өзіме келдім де, оның айтқанын істедім. Содан кейін сараптаманы жасаған Киселевке барып оған қаруды көрсеттім. Бұған ол таң қалды, өйткені бастапқы сараптамадағыдай емес, оның дұрыс еместігін көрсетті. Алғашқы сараптамада барлығы қалыпта болатын. Содан кейін біз Киселев екеуміз мылтықты мұқият қарап шықтық, шүріппе құрыл­ғы­сында із қалғанын көрдік. Екеуміз бұл туралы әңгімелестік. Мен оған, мұны Орталық сот сараптамасы орталығының өтінішімен Бишма­нов маған жаса деп айтты дедім. Содан кейін ол Бишмановқа кетті. Бишманов оған айқай-шу көтерудің қажеті жоқ, тыныш оты­рыңдар, әйтпесе арты жаман болады деп ескертті» деп мәлімдеді сотта куәгер Сергей Уфимцев.
Соңғы сот процестерінде БТА банкте сол кездер­де жұмыс істеген қызметкерлерден куә ретінде жауап алынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.