Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында банкир Ержан Тәтішевтің өлімі туралы қылмыстық іс бойынша тараптардың жарыссөзі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алдымен мемлекеттік айыптау өкілдері Асхан Нұрлыбаев пен Ілияс Есқалиевтер сөйледі. Олар сотталушы Мұратхан Тоқмәди, куәгерлер, сарапшылардың қатысуымен тергеу амалдарының видеолары көрсетіп, Мұхтар Әблязовтың қатысуымен болған 14 жыл бұрынғы адам өлтіру оқиғасының толық картинасын салды.
«Біз құқықтық зайырлы елде өмір сүріп жатырмыз. Әрбір адам өмір сүруге құқылы. Ешкімнің де біздің Конституциямыздың негіздеріне қол сұғуға ақысы жоқ. Сотталушының ерекше қоғамдық қаупін ескере отырып, соттан ерекше ауыр қылмыс жасалғаны үшін 11 жыл және алты ай бас бостандығынан айыру жазасын белгілеуді сұраймын», — деді Ілияс Есқалиев.
Ол Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2017 жылы шығарған үкіміне ішінара қосыла отырып, қауіпсіздігі барынша күшейтілген мекемеде 12 жыл бас бостандандынан айыру жазасын тағайындау туралы айтты.
Жазасын жеңілдететін шарттар ретінде жас балаларының бар екендігі, қылмысына өкінетіндігі және жұмыс орнынан берілген жақсы мінездеме атап көрсетілді. Жазасын ауырлататын шарттар айтылған жоқ.
Еске сала кетейік, «КазСтройСтекло» ЖШС иесі Мұратхан Тоқмәдиге «Тұран Әлем Банкі» АҚ бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевті өлтірді деген айып тағылуда. Оған тапсырыс беруші ретінде, «Тұран Әлем Банкі» АҚ басшысының өлімін $4 млн-ға бағалаған қашқын олигарх Мұхтар Әблязовтің есімі аталған. Бұрын Тоқмәди «абайсызда өлтіргені» үшін бір жылға сотталып, артынша рақымшылықпен түрмеден босатылған. 2017 жылы М.Тоқмәдиге 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімі «ж», «з» тармақтарында (адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, бопсалаумен не бандитизммен адам өлтіру) қарастырылған қылмыстар жасады деген айып тағылып, үш жылға бас бостандығынан айырылған. Бас прокуратура банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты жаңа деректер бойынша тексеріс жүргізіп, осы іс бойынша сот өндірісі қайта басталған.
Ол алғашқы сот отырысында-ақ өз айыбын мойындаған болатын.