Жетісудағы кондитерлік фабрика өнімдері 15 елге экспортталып жатыр

0 3

Алматы облысының Қарасай ауданындағы кондитерлік фабрикалардың бірінде піспенан шығаратын жаңа желі іске қосылатын болды, деп 24.kz  хабарлады.

Бұл кәсіпорын өз өнімдерінің 50 пайызын 15 елге экспорттап отыр. Өндіріске соңғы үлгідегі цифрлық технологиялардың келуі арқылы өнімнің сапасы жақсарып, бәсекеге қабілеттілік артты. «Жуырда экспорттық әлеуеттің ауқымын екі есеге дейін ұлғайтамыз», – дейді мамандар.

Алматы облысының Қарасай ауданында орналасқан бұл кондитерлік фабрика дайын өнімнің 200-ге тарта түрін шығарады. Мұнда шикізат сырттан әкелінбейді. Қазақстанда өсірілген табиғи таза астықтан алынған ұнды соңғы үлгідегі түрік технологиясы бойынша өңдейді. Кәсіпорын толығымен автоматтандырылған. Әрбір өнімнің сапасы зертханалық сынамалар арқылы жіті қадағаланып отырады.

Бану Жаулыбаева, сапа бөлімінің меңгерушісі:

— Зертхана қамыр иленгеннен бастап дайын өнім пісіп шыққанға дейін және оның қалай тиелгеніне дейін қадағалап отырады. Алдағы уақытта піспенан өніміне сұраныс көп болғандықтан, тағы да жаңа түрін қосып жатырмыз. Ол жақта Қазақстанда әзірге жоқ өнім түрлерін шығаруды көздеп отырмыз. Осы жылы іске қосылады.

Кәмшат Шажабекова, ауысым басшысы:

— Жылына бізде шығарылатыны 15-16 мың тонна таза өнім. Біз онымен Қазақстанмен қатар шет елдерді де қамтамасыз етеміз. Айта кетсек, Германия, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай елдер.

Кәсіпорын 200-ден астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етті. Созылмалы қамырдан жасалатын қатпарлы және ішінде әртүрлі толтырмалары бар піспенан шығаратын жаңа желі іске қосылса, тағы 40 шақты адамға қосымша жұмыс орны ашылады. Осындай кәсіпорындар көптеп шоғырланғандықтан, Қарасай ауданы бүгінде бюджеттік түсімдердің 32 пайызын бір өзі беріп отыр.

Нұржан Сатубеков, Қарасай ауданы әкімінің бірінші орынбасары:

— 2017 жылы облыстық деңгейде, республикалық деңгейде көрсетілген көрсеткіштердің бәрінен аудан үлкен бір беделмен шықты десек болады. Өйткені 112 млрд теңге инвестиция тартылды. Енді аудан өндірістік және ауыл шаруашылығы бағытында болғаннан кейін, 209 млрд теңге ауыл шаруашылығынан түскен.

Қарасай ауданында 20 шақты ірі зауыт-фабрика шоғырланған. Олар бүгінде азық-түлік өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, фармацевтика және құрылыс саласының алпауыттарына айналып келеді. Кәсіпорындарда заман ағымына сай жаңғырту жұмыстары ұдайы жүріп тұрады. Мамандарды цифрлық технологияларға машықтандырып, қайта даярлау мәселесіне де айрықша көңіл бөлінеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.