Ақтөбе облыстық білім саласын бақылау департаменті баласын мектепке жібермеген 18 ата-анаға әкімшілік айыппұл салды. Нәтижесінде бес оқушы орамалын шешіп, мектепке барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбеде баласын екі тоқсан бойы сабаққа жібермей отырған ата-аналар бар. Олар қыздарының орамал шешіп жүруіне қарсы. Ал бұл Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қатысты бұйрығына қайшы келеді. Сондықтан Ақтөбе облыстық білім саласын бақылау департаменті балаларын сабаққа жібермеген ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тартып жатыр.
«Мектеп директоры білім басқармасына, білім басқармасы бақылау департаментіне хат түсіреді. Біз мектепке келмей жүрген оқушылардың ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Қазіргі кезде Ақтөбе қаласы, Хромтау, Шалқар, Алға, Қарғалы, Қобда аудандарының ата-аналарына 5 АЕК айыппұл салынды. Айыппұл төлеген соң бес оқушының ата-анасы баласын мектеп формасымен сабаққа жіберді», — деді Ақтөбе облыстық білім саласын бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Жанат Мұхамбеталина.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша биыл 340 оқушы орамал тақты. Олардың басым бөлімі мектеп формасын сақтауға келісім беріп, оқуын жалғастырды. Қазір 72 оқушы сабаққа бармай жүр. Кейбірі екі тоқсан бойы білім алмаған.
«Мектепке 10 күннен артық келмейтін болса тиісті шара қолданылуы керек. Ал бізде екі тоқсан бойы келмеген оқушылар бар. Министрлікке хат жазылды. Балалар мектепке келмегендіктен толық білім ала алмай отыр. Екі тоқсан бойы білім алмаса, заң негізінде олар кластан класқа көшірілмейді. Олардың кейбірі білім беру орталықтарына барып, тәлім алып жүргенін білеміз. Бірақ ол жердегі баға мектеп журналына түспейді. Яғни, бұл тығырықтан шығар жол емес», — деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.