«Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі мен төтенше жағдай қызметінің мамандары «Өскемен-Зырян» бағытындағы жолдың 4 бөлігінде қар көшкінін жасанды жолмен түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жарылыс нәтижесінде тау шатқалында жолаушыларға қауіп төндіріп тұрған 7000 текше метр қардың көбесі сөгілді.
«Жолға түскен қар жарты сағаттың ішінде тазаланып, көлік қатынасы қалпына келтірілді» — делінген төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінде.
Өңірде қар көшкінінің қаупі сақталып тұр. Әсіресе «Өскемен-Зырян» және «Өскемен-Северное» бағытындағы жолдар көшкін қаупі салдарынан жиі жабылуда.
«Казгидромет» мекемесі 26 наурыз күні бірнеше ауданда күн райы жылынып, көп мөлшерде жаңбыр жауатынын ескертіп отыр.
Айта кетейік, көшкін қаупін сейілту үшін облыста жасанды жарылыстар ұйымдастырылуда.