Еліміздегі студенттердің 38%-ы жатақханаға мұқтаж

0 0

Еліміздегі ЖОО-ларда білім алып жатқан студенттердің 38%-ы басқа қаладан келіп оқитындар. Сондықтан, олар әлеуетті түрде жатақхана мәселесін шешуді қажет етеді. Бұл жөнінде баспасөз мәслихаты барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында және күні кеше ғана жарияланған 5 әлеуметтік бастамасында Елбасы жоғары білім сапасын арттыру және студенттердің баспана жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінген. Бүгінгі күні елдегі ЖОО-ларда білім алатын 530 мың студенттің 204 мыңы басқа қаладан келгендер. Бұл барлық студентің 38%-ы баспана мәселесін шешуді қажет ететінін білдіреді. Қазіргі уақытта олардың бір бөлігі қаржылық мүмкіндігіне қарай жалдамалы пәтерлерде тұрып жатыр, қалған бөлігі жатақханаларға орналастырылған», — деді вице-министр.

Оның айтуынша, бес әлеуметтік бастама аясында білім гранттарының ұлғайтылуы еліміздегі ЖОО-ларда білім алушылар санының артуына, ал бұл өз кезегінде, жатақхана орындарын да көбейтуге алып келеді.

«Сондықтан, Президент 2022 жылдың соңына дейін студенттер жатақханасында 75 мың жаңа орындар құруды тапсырды. Министрлік бұл тапсырмаларды орындау мақсатында барлық мүдделі тараптармен жиналыс өткізді. Нәтижесінде, қол жеткен алдын ала жоспар жайында білім және ғылым министрі үкімет отырысында мәлімдеген болатын. Жалпылап айтар болсам, ЖОО немесе құрылыс жүргізуші мекеме жатақхана жобасын дайындап, олардың бірі «Қаржы орталығы» АҚ-мен келісімшарт жасасады. Оған сәйкес, жатақхана пайдалануға берілген күннен бастап ЖОО немесе құрылыс жұргізуші мекеме белгілі бір жыл бойы бір орын үшін ай сайын төлем алып отырады, яғни, құрылысқа жұмсалған шығындар өтеледі. Содан соң, келісімшарт негізінде ЖОО немесе құрылыс жүргізуші ұйым банктен несие алып, жатақхана салуға кіріседі», — деді Б.Асылова.

Дереккөз: Baq.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.