2018 жылы шетелдік интернет-дүкендерден тауарлардың Қазақстанға жеткізілу мерзімі 10 күнге дейін қысқартылмақ. Бұл жөнінде бүгін Астанада «Жас Отан» жастар қанатының IV съезі аясындағы «Цифрлық Қазақстан» сессиясы барысында «Қазпошта» АҚ төрағасы Сәкен Сәрсенов мәлімдеді, деп хабарлайды Zhambylnews АА Вaq.kz сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар, сессия барысында «Қазпошта» АҚ төрағасы компанияның сайты және оның нәтижелерімен жасотандықтарды таныстырды. Post.kz сайты арқылы жолданған сәлемдемені бақылаудан бастап коммуналдық қызметтерді төлеуге дейінгі кез-келген қажетті қызметтерді жүзеге асыруға болады.
«Біздің Астанадағы цифрлық кеңседе Қуаныш атты робот жұмыс жасайды. Мұнда бірқатар қызметті адамның қатысуынсыз алуға болады. Егер аты-жөніңіз жазылған карточканы банктерде 6-10 жұмыс күнінде алатын болсаңыз, біздің цифрлық кеңседе оны 3 минут ішінде алуға болады. Осы жылдың маусым айының соңына қарай Экспо аумағында Мемлекет басшысына Робопост кеңсесін таныстыратын боламыз. Мұнда сіз интернет дүкеннен жейдеге тапсырыс берсеңіз, оны 3D принтер арқылы осы кеңседе басып шығара аласыз. Сол сияқты, тапсырыс беретін киіміңізді арнайы айна арқылы киіп көретін жоба да іске асырылады. Сіз киім шешіп, киіп киіп әуре болмайсыз. Айнаға қараған уақытта ол сіздің дене пішіміңіздің өлшемдерін автоматты түрде жүктейді де, қажетті өлшемдегі киімді сіздің үстіңізге кигізілген күйдегі бейнені ұсынады», — деді Сәрсенов.
«Қазпошта» АҚ басшысы цифрландыру арқылы қол жеткен жетістіктерге де тоқталып өтті.
«Енді жалпы цифрландыру бізге не берді, соған тоқталсам. Қазақстан ішіндегі сәлемдемелер айлап жолда жүретін. Біз өткен жылы оны 15 күннен 6 күнге дейін қысқарттық. Енді, 2018 жылы бұл мерзімді 3 күнге дейін қысқарту жоспарда бар. Сол сияқты, қазіргі таңда көбіміз Алиэкспресс, Амазон арқылы тауарларға тапсырыс береміз. Мысалы, қытайлық дүкендерден тапсырыстардың жеткізілуіне 60 күн уақыт кететін. 2017 жылы біз мұны 25 күнге қысқарттық. Ал, ендігі ретте Қытайдан сәлемдемелерді жеткізуді 2018 жылы 10 күнге қысқартуды жоспарлап отырмыз», — деді Сәкен Сәрсенов.