Зағип жандарға бұзылған ұялы телефондар таратылған

0 17

Қызылордада зағип жандарға арнап облыстық бюджет есебінен сатып алынған ұялы телефондар кейін қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл деректі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Талғат Дүйсебаев растады.

Мамандардың айтуынша, техникалық ерекшеліктерге сәйкес көру қабілеті төмен азаматтарға арналған телефондарда міндетті түрде сөйлеу синтезі орнатылуы тиіс. Өкінішке орай, Сыр өңіріндегі зағиптарға берілген байланыс құралдарында мұндай жүйе болмаған. Жалпы, өнім берушімен 2 тәулік ішінде әрбір телефон ашылып, ғаламторға қосылған SIM-карта салынып, сөйлеу синтезі орнатылып, жеткізілген еді. Дегенмен, телефонды пайдалану барысында ақаулық байқалған. Соның салдарынан ол жарамсыз деп есептелген. Бұл жайында бірінші топ мүгедегі Алтынгүл Сыдықова «Ұялы телефон өткен жылдың желтоқсан айында біздерге таратылып берілген еді. Алайда, оны пайдалана алған жоқпыз. Аукционда жеңімпаз болған өнім беруші тарапынан осындай олқылықтың орын алғаны өкінішті» дейді.

Осылайша кері қайтарылған 135 телефонның 103-і жарамсыз деп танылған. Үстіміздегі жылдың 12 наурызында «Гранд» жеке кәсіпкерінің «5 элемент» сервис орталығымен телефондардың сапасы мен жарамдылығына сараптамалық қорытынды беру мақсатында келісім-шарт жасалды.

«Аталмыш сервис орталығынан әрбір телефонның сапасы мен жарамдылығына қорытынды алынады. Содан кейін сот органдарына талап арыз жолданады.

Айта кетелік, бұл дүниелер — біздің басқарма тарапынан зағип жандарға беріліп отырған алғашқы телефондар. Келешекте мұндай олқылыққа жол бермеуге назар аударып отырмыз. Сол мақсатта құрылатын комиссия құрамына мүгедектер, зағип жандардан өкілдер енгізуді көздеп отырмыз» деді басқарма басшысы Т.Дүйсебаев.

Басқарма басшысының айтуынша, 2017 жылдың шілде айында әрбір данасы 125 мың теңге тұратын 160 тифлотехникалық құрал-дыбыспен хабар беретін және диктофоны бар ұтқыр телефонды сатып алуға облыстық бюджеттен 20 млн теңге қаралған.

«Бұл мақсатта өткен аукционға барлығы 8 өнім беруші қатысты. 2017 жылғы хаттамаға сәйкес әр телефонның бағасы 33,5 мың теңгеден белгіленді. Соның нәтижесінде 160 дана телефон 5,3 мл. теңгені құрады. Жеңімпаз ретінде «Саңыраулардың қазақ қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Қызылорда оқу-өндірістік кәсіпорны мекемесі жеңімпаз деп танылған еді. Үнемделген 14 млн теңгеден астам қаржы бюджетке қайтарылған» деді Т.Дүйсебаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.