ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ШӨЛДІҢ АУМАҒЫ ҰЛҒАЙЫП КЕЛЕДІ

0 16

Сахара – әлемдегі ең үлкен шөл әрі ең аптап ыстық орнаған өлке. Сахараның көлемі соңғы бір ғасыр ішінде шамамен 10 пайызға ұлғайған, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.

Ғалымдардың пайымдауынша, бұған жаһандық жылынуға байланысты орын алып отырған климаттың өзгеруі де өз әсерін тигізген. Әлемдегі ең үлкен шөлдің аумағының ұлғаюын жасанды жер серігі – спутниктің көмегімен анықтаған.

«АҚШ-тың ұлттық ғылыми қорының қолдауымен жүргізілген зерттеу жұмыстары негізінде ғалымдар тұтас бір ғасырды қамтитын жер бетіндегі ауа температурасы мен жауын-шашынға қатысты ұзақ мерзімді тенденцияны талдап көрді»,- деді Мэриленд университетінен аталмыш зерттеу тобы жетекшілерінің бірі Натали Томас (Natalie Thomas).

Бұл бағытта дерек күллі Африка құрлығынан 1920-2013 жылдар аралығында жиналған. Осы мәліметтерді талдаған ғалымдар Сахарадағы жауын-шашын мөлшерінің өзгеруіне ықпал еткен факторларды да зерделеді. Алғашқыда ғалымдар Африканың температура кезеңдері мен жауын-шашын маусымын зерттеп көрмек болған екен. Алайда, ғалымдардың назарын Сахелдегі (Сахараны Судандағы саваннамен байланыстыратын шөлейтті аймақ) жауын-шашын мөлшерінің азаюы аударған.

Ғалымдар осы тенденция арқылы Сахара аумағының ұдайы ұлғаю себебін анықтамақ болды. Ғалымдар артынан Сахараның аумағы әлдеқайда жауын-шашынды жаз мезгілінде немесе ылғалы аз қытымыр қыста – яғни, маусымға байланысты ұлғайып немесе кішірейіп отыратындығына көз жеткізбек болды.

Сондай-ақ, ғалымдар Сахара аумағының жаз мезгілінде едәуір ұлғаятынын байқаған. Сахара шөлінің ұлғаятынына, сонымен қатар, климаттық циклдер көп әсерін тигізген. Нақтырақ айтқанда, табиғи климаттық циклдің әсерінен болатын ұлғаю Сахара аумағының үштен екісіне тең келеді екен.

Десе де адам қолымен жасалып отырған климаттың өзгеруін тоқтататын шараларға саналы түрде қарамаса, Сахара шөлі алдағы уақытта тек ұлғая беретін болады. Ал бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығына жарамды жер көлемінің кеміп, адамның тіршілік ету ортасының тарылуына әкеп соқтырмақ.

Дереккөз: aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.