«ЖҰЛДЫЗАЙ» БАЛАЛАРДЫҢ ЖҰЛДЫЗЫН ЖАҒАДЫ

0 17

Орталық коммуникациялар қызметінде Астана қаласының 20 жылдығын тойлау аясында өтетін Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Жұлдызай» Республикалық фестивалі мен спартакияданың басталуына байланысты  баспасөз конференциясы өтті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.

Іс-шараға «BI-Жұлдызай» корпоративтік қорының директоры, қазылар алқасының төрайымы Гүлхан ИСАБАЕВА, фестиваль продюсері Жан МҰҚАНОВ, қазақстандық танымал тележүргізуші, журналист Ләйлә СҰЛТАНҚЫЗЫ, белгілі суретші, фестивальдің 2006 жылғы лауреаты, ХІ «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің гран-при иегері, қазылар алқасының мүшесі Анар ӘБЖАНОВА және фестиваль қатысушысы Алтынбек АҚНИЕТ қатысты.

«BI-Жұлдызай» корпоративтік қайырымдылық қоры 2004 жылы құрылған және білім алуда ерекше мұқтаждығы бар балаларды қолдауға арналған әлеуметтік маңызды және қайырымдылық жобаларын жүзеге асырады.

Қор 12 жыл бойы «Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылығы фестивалін және 2016 жылдан Қазақстандағы барлық өңірден 10 мыңнан астам «ерекше» және дарынды балалар қатысудағы «Жұлдызай» спартакиадасын өткізіп келеді. Биыл тиісті шаралар, Астананың 20 жылдығына арналып, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері мен Астана, Алматы қалалары және облыстар әкімдіктерінің қолдауымен өткізілетін болады.

Фестиваль күнтізбесіне сәйкес, ағымдағы жылдың 6-24 сәуір аралығы өңірлерде облыстық іріктеу кезеңдері, 26-28 мамыр аралығы Астана қаласында республикалық кезең және 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Фестиваль аясындағы байқаулар келесі 6 аталым бойынша өтеді: вокал, аспапта орындау, ым-ишаратпен орындау, хореография, бейнелеу өнері, көркем-қолданбалы өнер.

Қор 2016 жылдан бері спорт бағытын дамытып, білім алудағы ерекше мұқтаждығы бар балаларды салауатты өмір салты мен спортпен айналысуға ынталандыруға ықпал етуі тиіс «Жұлдызай» республикалық спартакиадасын өткізіп келеді. Бұл сәйкесінше, балалар денсаулығын жақсарту мен оңалтуға оң әсерін тигізуде.

Жарыс елдің барлық өңірінде спорттың 7 түрі бойынша өтетін болады: шағын футбол, үстел теннисі, отырып ойнайтын волейбол, жеңіл атлетика (жүгіру, эстафета), ұлттық спорт түрлерінен жарыс («Бестас», «Асық ату»), голбол, жүзу. Облыстық іріктеу жарысы өткізілгеннен кейін, қыркүйек айында Астана қаласының озық спорт алаңдарында республикалық спартакиада өтеді.

Ұлттық паралимпиада комитеті, Сурдолимпиада комитеті, «Спешил олимпикс» қоғамдық ұйымы және отандық белгілі спортшылар Бақтияр Артаев, Данияр Елеусінов, Қанат Ислам, Айдар Ахметов спартакиаданың өтуін қолдап, серіктестік танытуда.

Дереккөз: aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.