Жамбыл облысында жұмысынан заңсыз босатылған мемқызметшілердің құқығы қорғалды

0 3

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің өкілдері мемлекеттік қызметшілердің құқығын қалай қорғайтынын айтып берді, — деп «Zhambylnews» AA хабарлайды ҚазАқпаратқа cілтеме жасап.

«Мемлекеттік қызметшілердің арасында департамент жазалаушы органдардың қатарына жатады деген бұрыс пікір қалыптасқан. Департаменттің басты міндеттерінің бірі — азаматтардың, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің де құқығын қорғау. Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметшілердің өздері де «жәбірленушіге» айналады», — дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өңірлік департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаев.

Оның айтуынша, 2017 жылы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы 194 өтінішті қараған болса, соның 175-і жеке тұлғаларға тиесілі, өтініштердің 22-сі заңды тұлғалардан келген. 11 өтініш бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, алты азаматтың құқығы қорғалған, соның төртеуі мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Олардың арасында жұмысынан негізсіз қуылған Байзақ аудандық сотының бас маманы К. Тілемісова да бар.

«Жоспардан тыс тексеріс кезінде мемлекеттік қызметшінің жұмысынан босатылуы негізсіз екені дәлелденіп, бұрынғы қызметіне қайта орналастырылды», — дейді Мақсұт Нәлібаев.

М. Нәлібаевтың айтуынша, одан тыс сот әкімшілігінің қызметшілерді басқару бөлімінің бас маманы Ш. Айтбаева, Талас ауданы әкіміні аппаратының білім бөлімінің бас маманы А. Тәпелова, тағы басқаларға қатысты негізсіз қызметтік жазалар қолданылғаны анықталып, ереже бұзғандар жауапқа тартылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.