Мәжіліс депутаты ШҚО-да сайлаушылармен кездесулер өткізді

0 3

Осы күндері Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясы жетекшісінің орынбасары, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов Шығыс Қазақстан облысында сайлаушылармен кездесулер өткізді, деп хабарлайды «Zhambylnews» AA  ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Депутат Аягөз ауданының Аягөз қаласында, Ақтоғай кентінде және Қопа, Тарлаулы ауылдарында, Үржар ауданының Үржар, Мақаншы, Бақты, Қызылту, Елтай және Сегізбай ауылдарында кездесулер өткізді.

Кездесулерде депутат Н.Сабильянов сайлаушыларға Қазақстан Республикасы Парламентінің заң шығару қызметі туралы айтып, Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының қазақстандықтарға үлкен маңызы бар екендігін түсіндірді және оларды жүзеге асырудың міндеттері туралы айтып берді.

Сайлаушылар өз кезегінде ауызсумен, тұрғын үймен қамтамасыз ету, автожолдарды жөндеу, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын несиелеу, білім саласын жақсарту, дәрі-дәрмектермен уақтылы қамтамасыз ету, интернет-байланысын дамыту, шекаралық елді-мекендердің инфрақұрылымын дамыту және басқа да мәселелерді көтерді.

Сонымен қатар, депутат Нұртай Сабильянов 1 сәуір күні Аягөз қаласында азаматтарды қабылдау күнін өткізіп, 120 адамды қабылдады. Оның ішінде көпшілігі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар болды. Барлық азаматтарға депутат тарапынан жауаптар мен түсіндірмелер берілді.

Одан әрі депутат Н.С. Сабильяновтың тұрғындармен кездесулері Шығыс Қазақстан облысы Абай, Жарма аудандарының елді-мекендерінде жалғасады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.