Астанада «University Medical Center» КҚ басқарма төрағасы тағайындалды

0 14

Осы кезге дейін «National Laboratory Astana» жекеменшік мекемесіне жетекшілік еткен профессор Жақсыбай Шаймарданұлы Жұмаділов «University Medical Center» Корпоративтік қорының Басқарма төрағасы болып тағайындалды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA «ҚазАқпарат» ХАА cілтеме жасап.

«University Medical Center» Корпоративтік қорына бұрын жетекшілік еткен Құрманов Алмас Мұхатекәрімұлы Университеттің компаниялар тобының шеңберінде басқа жұмысқа ауысты.

Жақсыбай Жұмаділов Семей мемлекеттік медициналық институтының түлегі. 1990 жылы Мәскеу қаласында КСРО Медицина ғылымдарының академиясы А.В. Вишневский атындағы Хирургия институтында докторлық диссертациясын қорғады. 2004 жылы  Жапонияның Хиросима университетінде медицина саласындағы PhD докторы дәрежесіне ие болды.

Еңбек жолын Семей қаласында бірінші қалалық ауруханада дәрігер-хирург ретінде бастады. Семей мемлекеттік медицина институтының факультеттік хирургия кафедрасының меңгерушісі, проректор қызметін атқарды. 1999-2004 жылдары Жапонияда Хиросима университетінде шақырылған профессор ретінде еңбек етті. 2004 жылдан бастап 2008 жылға дейін Семей мемлекеттік медицина академиясының ғылыми-емдеу ісі жөніндегі проректоры болып жұмыс істеді.

2008-2011 жылдар аралығында «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Атқарушы директоры (ҰМХ), елордада Астана медицина университетінің ректоры, «Астана медицина университеті» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болды.

2011 жылдың қаңтар айында «Өмір туралы ғылымдар орталығы» ЖМ басқарды. 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап Назарбаев Университетінің «National Laboratory Astana» ЖМ бас директоры болды.

Ж. Жұмаділов 550-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 5 монография мен 30-дан астам өнертабыстың авторы. Оның ағылшын және жапон тілдерінде 200-ден аса еңбегі жарияланды. 5 докторлық және 22 кандидаттық диссертациялардың жетекшісі.

«Rejuvenation Research», «International Journal of Probiotics& Prebiotic», «Central Asian Journal of Global Health», «Gerontology& Geriatrics Research» беделді америкалық журналдардың редколлегия мүшесі.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары КСРО ыдырағаннан кейін өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға зор үлес қосқан. Халықаралық қайырымдылық ұйымдар арқылы ауруханалар үшін медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді тартқан. Семей аймағында АҚШ Обыр Институтымен бірлесіп, қалқанша без ауруларын және сәулемен емдеу дозасын скринингілеу бойынша бірінші халықаралық жобаның бірлескен жетекшісі.

Қазақстанда алғаш рет Семей ядролық полигонына іргелес өңірлерде түйінді қалқанша без ауруларын диагностикалау үшін жіңішке инелі аспирациялық биопсия әдісін енгізді. Түйінді қалқанша без ауруларын емдеудің инвазивтік жоғары деңгейде емдеу әдістері алғаш рет әзірленді. Жапон ғалымдарымен бірлесіп полигонға іргелес бірқатар елді мекендерде  қалқанша без функциялары мен йод тапшылығының жағдайын зерттеді.

Қазақстанның ғылым мен денсаулық сақтау саласын дамытуға үлкен үлес қосты. Атап айтқанда, Ж. Жұмаділов жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес ғылыми зерттеулерді жүргізуге арналған заманауи инфрақұрылымы бар Назарбаев Университетінің Өмір туралы ғылымдар орталығының негізін қалаушылардың бірі.

Ж.Жұмаділовтің қосқан үлесінің арқасында Назарбаев Университеті биомедицина саласындағы әлемдік көшбасшылармен әріптестікті сәтті дамытуда. Қазақстанда алғаш рет геномдық және дербес медицина, биоинформатика, регенеративтік және трансляциялық медицинаның ғылыми негіздері қаланған, сондай-ақ клиникалық практиканың, білім мен ғылымның заманауи парадигмасын дамыту тұжырымдамасы әзірленді.

Профессор Жақсыбай Жұмаділов 4 тілді (қазақ, орыс, ағылшын және жапон) меңгерген. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» орденінің кавалері (2015 ж.), «Алтын Адам» номинациясы бойынша «Ғылым қайраткері» халықаралық сыйлығының лауреаты (2015 ж.) Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2017 ж.).

Leave A Reply

Your email address will not be published.