Ақтөбеде аяғын лифт жұлып кеткен әйелдің өліміне қатысты тергеу басталды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілдері айтты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 278-бабының 2-бөлігі бойынша («Сапасыз салынған құрылыс») сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптамалар тағайындалды», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, осыған дейін Ақтөбеде лифтке кірмек болған әйел адамның аяғы жұлынып кеткені хабарланған еді. Оқиға 4 сәуірде 12-ықшамаудандағы №19 үйде болған. Әйелдің лифтке 3 жастағы баламен кіргені айтылады.
Дәрігерлердің айтуынша, ол лифт кабинасына толықтай кіріп үлгермеген. Әйел кірер кезде лифт есігі жабылып, бірден жүріп кеткен.