Шаруаларға ақшаларын бермей, басшылығы жұмыстан кеткен «ҚазМақта» АҚ қарызын төледі

0 9

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданындағы даулы мәселе өз шешімін тапты. «Қазмақта» корпорациясы мақтаралдық шаруалардың қарызын толықтай қайтарды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мақтарал ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «ҚазМақта» АҚ 307 шаруа алдында 323,4 млн теңге қарызынан толық құтылды. Аталған зауыт соңғы қалған 113,7 млн теңгені 44 шаруаға төлеп біткен.

Еске салайық, өткен жылдың 15 желтоқсанында «ҚазМақта» АҚ-ға мақта шикізатын өткізіп, қаржысын ала алмай жүрген бір топ шаруа Мақтарал ауданы әкімдігіне арызданып келген болатын. Кейіннен әкімдік өкілдері корпорацияның директорына көтерілген мәселені шешу қажеттігі жөнінде хат жолдаған. Алайда, «ҚазМақта» басшылығы қаржы мәселесі шешілмей жатқандығы жөнінде ауызша хабар беріп, ақшаны төлемеген. Осыдан кейін шаруалар ағымдағы жылдың ақпанында аудандық ішкі істер басқармасына арызданды.

Тәртіп сақшылары корпорацияға қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағы («Алаяқтық») бойынша іс қозғап, жедел тергеу шараларын жүргізді. Даулы мәселеге облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров араласып, жағдайды өз бақылауына алған болатын.

Сондай-ақ осы жағдайдан кейін есепшіден басқа зауыттың басшылық құрамы жұмыстан босатылған еді.

Осылайша атқарылған жұмыстардың барысында 15 ақпанда шаруалардың 60 млн теңгесі төленсе, 21 наурыз күні 150 млн теңге қаржысы қайтарылды. Қалған 44 шаруаның қаржысы 5 сәуір күні толығымен төленіп, қазіргі таңда шаруаларға берешек толығымен төленді.

Өз кезегінде мақталы өңірдің шаруалары мәселенің шешілуіне тікелей ықпал еткен облыс әкімі мен облыс прокурорына ризашылықтарын айтуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.