Мәскеу тергеушілері бір жасар ұлын 20 мың АҚШ долларына сатпақ болған 33 жастағы келіншекті ұстады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
РФ Тергеу комитеті Мәскеу қаласы бойынша басқарма басшысының аға көмекшісі Юлия Иванованың айтуынша, келіншекке РФ Қылмыстық кодексі 127-бабының 2-бөлігіне сәйкес «Адам саудасы» бойынша айып тағылған.
«Тергеу нұсқасы бойынша, 2017 жылдың желтоқсан айында әйел адам Қазақстан Республикасының Алматы қаласында болған кезінде әлеуметтік желідегі топтардың біріне 2017 жылы туған баласын асырап алатын адамдарды іздейтіні туралы хабарлама қалдырған. Ол баласы үшін 20 мың доллар сұраған», — дейді Ю.Иванова.
5 сәуірде келіншек Мәскеуге келген. Өздерін сатып алушы ретінде таныстырған тергеушілерге жолыққан әйел баладан бас тартатыны жөнінде қолхат жазып берген. Бұдан кейін олар ақшаны алу үшін банкке барған жерінде әйелдің қолына кісен салынған. Қазір ұл бала балалар үйіне орналастырылды.
«Тергеу барысында тергеушілер Қазақстан Республикасынан күдіктінің мекенжайын және жауап алу үшін туыстарын, сондай-ақ баланың биологиялық әкесін табуға құқықтық көмек көрсетуге сұраным жіберуге ниетті. Таяу арада келіншекке қамауға алу турасында бұлтартпау шарасы қолданылады», — дейді Ю.Иванова.