Жамбыл облысында төрт түлікке электронды таңба салынады

0 19

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында жылқыларды жаппай электронды чиппен таңбалау жұмыстары жүріп жатыр, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA  Хабар 24 сайтына сілтеме жасап.

«Бұл бірінші кезекте ауру малдарды дер кезінде анықтап, түрлі қауіптің алдын алуға септігін тигізеді», – дейді мамандар. Қыркүйек айына дейін 16 мың бас жылқы нөмірмен веб-порталға тіркемек.

Заманауи таңбалаудың тиімді тұсы көп. Электронды чип арқылы мал ұрланған ба, иесі кім, қай өңірдің малы, ауруға қарсы дәрі-дәрмек егілген-егілмегендігін, тіпті екпе жасалған уақытына дейін анықтауға болады. Бұл сканердің көмегімен жүзеге асырылады. Қазір аталған жұмыстар 15 ауылдық округ пен аудан орталығындағы ветеринарлық пункттерде жүргізіліп жатыр.

«Малыма чип салдырған себебім, жоғалған жағдайда, малым өзімдікі екендігін анық тексеріп алуыма толық сенемін. Базарға апарсаң, бағасы жоғары болуына да әсер етеді. Айқай-шу болған жағдайда, мал менікі екені толығымен тексеріледі», — деді Құлан ауылының тұрғыны Ринат Батырханов.

Чип жылқының мойнына тері астына енгізіледі. Нөмірі арнайы базаға тіркеліп, иесінің қолына паспорты беріледі. Ал малды сатып немесе сойған жағдайда қожайыны тіркеуден шығаруы тиіс.

«Биыл аудандық бюджеттен 10 миллион теңге бөлініп отыр. Ол қаражат біз чиптарды әкеп береміз. Шаруақожалық әр салынған чиптің ақшасын қайтадан бюджетке қайтарып береді. Екі айналдырумен 10 млн 8 мың жылқыға чип алуға мүмкіншілік береді. Екі айналдырумен 16 мың жылқыға чип салып бітіреміз», — дейді Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі Асқар Қырықбаев.

Ауданда бүгінгі күнге дейін төрт түліктің 50 пайызына құжат жасалып, веб-порталға есепке алынған. Мамандар малды GPS арқылы онлайн режимде бағуға да мүмкіндік бар деп отыр. Бірақ бұл қарапайым шаруа үшін экономикалық жағынан тиімсіз көрінеді.

«Бағасы 80 мыңнан жоғары. Малға түгел салуға тиімсіз, асылтұқымды малға және үйірлі жылқыларға салуға болады. Келешекте ол жұмысқа да көшеміз деген ойымыз бар», — деді Тұрар Рысқұлов ауданы ветеринария бөлімінің басшысы Асқар Тоқыбаев.

Ал ірі қара мен уақ малдар сырғаланады. Биыл қой мен ешкіден түскен 142 мың төл мен 14 мың бас бұзауға сырға мемлекеттен тегін беріледі.

Айта кету керек, жалпы облыс бойынша 35 мыңнан астам құлынға чиппен таңба салу жоспарда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.