Соттылық жөніндегі анықтама бұдан былай «1 арыз — 8 күн» тәртібімен беріледі

0 19

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов Үкімет отырысында мемлекеттік қызметтерді анықтамасыз көрсету жұмысы қалай жүзеге асырылып жатқанын айтып берді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA «ҚазАқпарат» ХАА сайтына сілтеме жасап.

«Келесі қағида — қызметтерді анықтамасыз көрсетуге көшу. Біріншіден, мемлекеттік органдардың азаматтардан анықтаманы талап етуін болдырмау үшін олардың ақпараттық жүйелерінің арасында 88 ықпалдастыру бойынша жұмыс жүргіземіз. Сондай-ақ, жеке ұйымдар үшін азаматтардың келісімімен оларға қатысты анықтамаларды беретін e.gov порталында арнайы сервисті іске қостық», — деді Абылайхан Оспанов халықты цифрлық сауаттандыру мәселесі қаралған Үкімет отырысында.

Анықтамалардың қысқаруымен бірге, мемлекеттік корпорация «Бір өтініш» қағидасын қолданысқа енгізуде.

««Бір өтініш» қағидасына көшуге мысал ретінде қызметтің келесі түрін келтіруге болады. Бұрын адамның соттылығы жоқтығы туралы қолтаңба қойылған анықтаманы алу үшін 2 арыз, 22 күн қажет болатын. Енді 8 күн және 1 ғана арыз қажет. Осы қағида бойынша 32 қызмет түрін оңтайландырып, олардың мерзімін орташа есеппен 120 күнге қысқартамыз. Сонымен бірге, ТМД елдерінде теңдесі жоқ «Жаңа қағида» қызметтерді проактивті көрсету жұмысы да бар», — деді ол.

«Жаңа қағиданың» дәлелі ретінде Абылайхан Оспанов өткен жылдың аяғынан бастап баланың өмірге келуіне байланысты 4 қызмет түрін СМС-хабарлама арқылы алуға болатынын, жылдың соңына дейін төрт өңірлік жағдай бойынша тағы 14 қызмет проактивті қағидасына ауыстырылатынын айтты.

«Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру ХҚКО-лардың трансформациялануына әкеліп отыр. Елімізде азаматтарды қызмет алуға өз бетінше үйрететін Цифрлық ХҚКО-ны аша бастадық. Ең алғашқысы Астанада ашылды. Осылайша, мемлекеттік корпорация Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің басшылығымен халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру тапсырмасын да орындап жатыр», — деді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.