Ақтөбеде қойма мен жонғыш цех орналасқан екі қабатты ғимарат өртенді. Бұл туралы «Zhambylnews» АА ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
«21 сәуір күні 04:40-та Ақтөбе облысындағы жол құралдарына металл бөлшектер өндіретін «Адал Тау» ЖШС аумағында қойма мен жонғыш цех орналасқан екі қабатты ғимарат шатырынан өрт шықты. Өрт аумағы 500 шаршы метрге дейін таралды», — делінген Төтенше жағдайлар комитеті таратқан хабарламада.
Тілсіз жау 6:30-да ауыздықталған және 07:10-да толық сөндірілген.
Өрт салдарынан ешкім зардап шекпеген. Қазір оқыс оқиғаның себебі анықталып жатыр.
Комитеттің хабарлауынша, жалынды сөндіруге отыздан астам өрт сөндіруші мен 8 арнайы техника жұмылдырылған. Сонымен бірге, өрт орнына апаттар медицинасы орталығы мен Төтенше жағдайлар комитетінің бригадалары шақырылған.