«Бабалар ізімен» экспедициясы АҚШ-тағы навахо үндістерінің дәстүрімен танысты

0 23

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жолға шыққан «Бабалар ізімен» тарихи-ғылыми экспедициясының сапары Америка Құрама Штаттарында жалғасты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz сайтына сілтеме жасап.

Топ мүшелері Аризона штатындағы Пейдж қаласында жергілікті навахо үндістерінің мәдениетімен тұрмысын зерттеп, дәстүрімен танысты. Бұдан соң зерттеушілер Нью-Мехико штатындағы Альбукерке қаласына барды. Экспедиция мүшелері мұнда пуэбло үндістері туралы ақпарат жинап, ежелгі петроглифтер мұражайында болды.

Бұл – навахо үндістерінің дәстүрлі сазы. Тұмса табиғатпен және даламен толықтай астасып жатқан үндістердің музыкасы осындай. Навахо үндістері төрт санын қасиетті санайды екен. Жылдың төрт мезгілі, дүниенің төрт бұрышы сияқты ұғымдар олар үшін қасиетті. Яғни барлық нәрсе осы төрт санымен байланысты. Әрбір навахолық үндіс төртінші атасына дейін шежіресін жатқа білуі міндетті және төртінші атаға толмайынша өзара үйленбейді. Сондай-ақ олардың үйлерінің формасы киіз үйге ұқсайды және ғарыш пен күннің жылжу ретіне қарай ыңғайландырып тұрғызылады екен.

Томас Хант Пейдж, қаласының тұрғыны:

«Навахо дүниетанымында барлық дүние, жаратылыстың бәрі қозғалыста. Ол – спираль тәрізді оңнан солға қарай қозғалу, айналу. Оны біздің тілде шабыке деп атайды. Оған барлық жаратылыс бағынады. Ол кішкентай атомнан бастап галактикаға дейін бар. Жер де Күнді айналады. Сондықтан үй тұрғызғанда осы принцип назарға алынады. Бұны ғарыштық жүйеге, жаратылыстың тәртібіне бағыну деуге болады. Үйдің есігі әрдайым шығысқа қарайды және шыққан күннің жарығы әрдайым есіктен кіруі керек.

Навахолардың дүниетанымында барлық жаратылыс ер және әйел болып бөлінеді. Мәселен, Жер ана болса, көк аспан – әке. Ал осы екеуін жалғап тұрған – нұр. Солтүстік Америка үндістерінің мәдениетінде бидің де алар орны ерекше. Би арқылы олар өздерінің өмірі мен тұрмысынан хабар береді.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

«Бұлардың ұлттық биі біздің баяғы бақсылардың биіне, қозғалысына ұқсайды. Қазір мұндай билер түркітілдес халықтарда, якуттарда, алтайлықтарда және басқа да сондай халықтарда сақталып қалған».

Пейдж қаласынан кейін экспедиция мүшелері Нью-Мехико штатындағы Альбукерка қаласын бетке алып, жолға шықты. Альбукеркада пуэбло үндістері тұрады. Әрі мұнда көптеген петроглифтер сақталған.

Экспедиция мүшелері Альбукеркада жергілікті үндістердің мұражайында болып, одан соң петроглифтер каньонында болды. Тастағы суреттер Солтүстік Америкадағы жергілікті халықтардың өмірінен сыр шертеді. Альбукеркадағы аспан астындағы петроглифтер мұражайы 30 шаршы шақырым жерге созылып жатыр. Мұнда тас бетінен күннің, адамдардың және жан-жануарлардың бейнелерін көруге болады. Пуэбло үндістері солтүстікте навахолармен және апачилармен көршілес тұрады. Олар негізінен Нью-Мехико штатында қоныс тепкен.

Илай Гарси, Альбукерка қаласының тұрғыны:

«Пуэбло мәдениеті өте бай. Альбукерка қаласы олардың орталығы іспеттес. Сіздердің экспедицияларыңыздың соншама алыс жерден келіп, үндістердің мәдениетін зерттеуі үлкен құрметке лайық».

«Бабалар ізімен» экспедициясы оншақты күннің ішінде негізінен навахо және пуэбло үндістеріне қатысты мәлімет жинады. Бұл мәліметтер алдағы басқа да зерттеулерге негіз болады деген үміт бар. Экспедиция мүшелері енді алдағы күндері АҚШ астанасы Вашингтон қаласын бетке алады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.