Мамыр айында басталатын аттестатаудан өте алмаған мұғалімнің сынақты жылына 2 рет қайта тапсыруға мүмкіндігі болады. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова айтты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Педагог кадрлардың біліктілігін, санаттарын тағайындау, растау үшін жаңа аттестацияны екі кезеңде өткізу жоспарлануда. Бірінші кезең ұлттық біліктілік тесті оқыту пәнінің мазмұнына және оқу-әдістемесі, педагогика модульдері бойынша 26 мамырдан 5 маусым аралығында өтеді. Екінші тестілеу биылғы жылдың 1-10 қарашасы аралығына жоспарланған», — деді ол ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің халықпен есептік кездесуі барысында.
Оның айтуынша, тестте келетін сұрақтардың 70 пайызы пәндік білімге қатысты болса, 30 пайызы педгогика мен әдістеме мәселелерін қамтиды.
«Екінші кезеңде қызмет нәтижелеріне кешенді талдамалық қорытынды жасалады. Бұл ағымдағы жылдың 31 шілдесінде немесе екінші кезеңі 15 желтоқсанда өткізіледі. Жаңа жүйе мен ескі жүйенің арасындағы басты айырмашылық мұғалім жұмысын ынталандыру болып табылады. Аттестациялаудан барлық өтініш білдіруішілер өте алады. Егер аттестациялаудан өте алмаған мұғалімдер бар болатын болса, олардың қайта аттестатциялаудан өтуіне жылына 2 рет мүмкіншілігі бар», — деді Шолпан Каринова.