Жамбыл облысында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» авто дәлізінің Күйік асуындағы бөлігі құрылыс нормаларына сай салынған, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА 24.kz ресми сайтына сілтеме жасап.
Автомобиль жолдары комитетінің өкілдері «жаңа сүрлеу құзырлы органдардың келісімі бойынша қабылданған», – дейді. Тіпті 5 жыл бұрын жолдың қауіпсіз екенін растайтын құжат та берілген. Алайда, қазір мамандар басқаша шешім қабылдауға мәжбүр.
Естеріңізде сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын жамбылдық жүргізушілер асудың бойындағы жаңа сүрлеудің сапасыз салынғанын айтып арнамызға шағымданған болатын. Белгілі болғанындай, бұл аралықпен жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Оған себеп: көлік апаттарының жиілеуі. Енді мәселені шешудің бір ғана амалы бар. «Яғни жүк көліктері үшін асу бойындағы ескі жолды жөндеу керек», – дейді мамандар.
Жандос Игембаев, ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті басқармасының бас сарапшысы:
— Бұл шешім өзгертілмейді. Себебі, Ішкі істер департаменті «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалымен бірігіп қабылданған шешім. Бұл жағдайдың бәрі ескеріліп салынған. Соңғы уақытта 20 көлік оқиғасының болуы салдарынан бұл шешімді өзгертіп отыр. Бұл жағдайды ескере отырып, біз қазір автомобиль жолдары құрылыс нормалары мен стандарттарына өзгеріс енгізуді қарастыру үстіндеміз.