Астана қалалық ІІД Тергеу басқармасы IELTS халықаралық сертификатын қолдан жасау фактісі бойынша тергеу шараларын жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған ведомствоның мәліметінше, «Астана» медициналық университеті студенттерінің халықаралық сертификатты қолдан жасау фактісі бойынша 27 қылмыстық іске сот шешімі шыққан.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 385 бабы бойынша 27 қылмыстық іс сотқа жіберіліп, сот шешімі шықты. Қалғандары бойынша процессуалдық шешім қысқа уақыттың ішіне қабылданатын болады. ІІД басшылығы тергеу барысын бақылауға алды», — деп атап өтеді баспасөз қызметі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Астана медицина университеті» АҚ-ға түсу үшін IELTS сертификатын сатып алған 100-ден астам студент оқудан шығарылды.
2017 жылдың күзінде емтиханды өз күшімен тапсырғандар жалған сертификат ұсынғандардың барына шағымданып, арыз түсірген болатын. Оған сәйкес тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде ағылшын тілін білу деңгейі бойынша тіркелмеген 117 сертификат анықталды.
Кейін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, тиісті комиссия құрылатындығын мәлім етті.
«Былтыр біз аталған университетке барып, жұмыстарын тексеріп, оларға балаларды оқудан босату бойынша нұсқама бердік. Бұл нұсқама ішінара орындалды. Студенттердің бір бөлігі өздерінің құқықтарын қорғау аясында сотқа жүгінді. Дегенмен де, нұсқама орындалуы тиіс. Бұл университет студенттерді оқудан босатуын дұрыс шешім деп санаймыз. Енді біз Денсаулық сақтау министрлігімен және университетпен бірге тиісті комиссияны құруымыз керек. Осы орайда оқу орны мен студенттерге қатысты қандай құқықтық қадамдар қабылдау керектігін талқылау маңызды», — деді Сағадиев.
Ал бүгін баспасөз мәслихаты барысында Астана медицина университетінің ректоры Мәжит Шайдаров жалған сертификатпен магистратура, резидентура және докторантураға түскендердің тізімі жарияланатындығын айтқан еді.
Сонымен қатар аталған білім ордасының Жоғары оқу орнынан кейінгі білім факультетінің деканы Ернар Тұрсынбет оқудан шығарылған білім алушыларға қанша қаржы шығындалғандығын жария етті.