Министр Әбілқасымова ана мен балаға бөлінетін қаржының қысқаруын түсіндірді

0 11

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова бір жасқа дейінгі балаларға төленетін қаржының бюджетте неліктен қысқарғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Парламент Сенатының бүгінгі отырысында «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын. Талқылау барысында сенатор Динар Нөкетаева әлеуметтік салаға бөлінетін шығыстар мазалап отырғанын жеткізді.

«10 млрд 722 млн теңге — оның ішінде 5 млрд 720 млн теңге қысқартылған (…). Нақтырақ айтқанда, орташа төлемдерге байланысты бірреттік төлемақы — ол мына бір жасқа келгенге дейінгі балаларға төленетін және бала күтіміне ай сайын төленетін қаражат. Сол қысқартылып отыр. Бұны қалай түсінуге болады? Мысалы, көршілес елдерді алатын болсақ, баланың тууына жылдан жылға қолдау көрсетіліп келеді. Баланың тууына, күтіміне бөлінетін қаражатты жылдан жылға көбейту арқылы балалы болуды үлкен мәртебеге айналдыруда. Оның қаржысын ұлғайтуда. Біз неге оны қысқартып жатырмыз? Мысалы, Ресей Федерациясында «Ана капиталы» деген бар. Бала мен анаға берілетін қаражатты қысқарту арқылы бала санын қалай көбейтеміз? Демографияны қалай көтереміз?», — деді сенатор.

Аталған сұраққа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жауап берді.

«Осы бюджеттің шығыстары 5 млрд 700 млн теңгеге азаюының бірнеше себебі бар. Біріншіден, 2,7 млрд теңге — бұл бала тууына арналған біржылдық жәрдемақы және бала бір жасқа толғанға дейін күтіміне ай сайынғы жәрдемақы алушылардың болжамды санының азаюына байланысты (…) Бұл ең бірінші себеп. Біз жоспарлағанда — 5 жыл бойы бала туу динамикасы өсіп жатқан. Бірақ 2017 жылға қарасақ, туу 19 мың балаға азайды. Осы жылы жәрдемақы алатын адамдардың саны қайтадан азаятынын күтіп отырмыз. Осы жылдың шығыстарын қарастырғанда, біз сол бес жылдың динамикасын алған едік. Бірақ, 2017 жылдың қорытындысы бойынша біздің болжамымыз өзгерді. Бұл негізгі себеп. Бірақ, айта кетейін, осы жәрдемақының саны да мөлшері бірқалыпта қалды. Тіпті өсіп келеді», — деді министр.

Оның айтуынша, бала күтіміне байланысты төлемдерді қазір көп әйелдер жұмысқа орналасып, оны әлеуметтік сақтандыру қорынан алып жатыр.

«Тағы бір себеп — өздеріңіз білетіндей, бірінші және екінші балаға арналған төлемдердің мөлшері аздау болады да, үшінші және төртінші балаға көбірек төленеді. Қазіргі біздің болжам бойынша үшінші және төртінші бала тууға байланысты төлемдердің саны азайды. Бір және екі балалы жанұялардың саны көбейді. Сол себептен біз шығыстарды қайта қысқарттық. Бірақ, барлық төлемдердің мөлшері айтқанымдай бір қалыпта қалып жатыр. Тіпті мөлшері өсіп келеді», — деп түйді Мәдина Әбілқасымова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.