Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің қоғамдық кеңесінде Ұлттық ұланның қызметі қаралды. Осы орайда, аталған құрылымның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов түзету мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жетістіктерді ерекше атап өтті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Естеріңізде болса, 2000 жылы түзеу мекемелеріндегі тәртіпті бақылау қызметі Әділет министрлігіне берілген болатын. Сол кезде біз аталған функцияны тапсырдық. Сосын Ақмола облысындағы мекемелерде жаппай тәртіпсіздіктер болды. Одан кейін біздің қарауылдарға шабуыл жасалды. Ал Маңғыстау облысында бір топ жазасын өтеуші түрмеден қашып кетті. Балқаш жақта террористік актілерге қарсы шара қолдандық. Міне, осы оқиғалардан кейін сотталғандарды бақылау функциясы қайтадан бізге берілді», — дейді Р.Жақсылықов.
Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының сөзіне қарағанда, бас кезінде тәртіпке бағынбаудың 400-ге жуық әрекеті тіркелсе, бір жылдан кейін аталған көрсеткіш екі есеге азайды.
«Сосын түзеу мекемелеріне заңсыз заттарды кіргізу жағдайлары күрт төмендеді. Мысалы, бастапқыда біз жыл сайын 3 мың спирттік ішімдіктерді тәркілеп отырдық. Бүгінде ол көрсеткіш те азайды. Бірақ ондай оқиғалар әлі де бар. Оны мойындаймыз. Ішімдік заттарды көлікпен кіргізуге тырысады. Тосқауылдар арқылы лақтырады. Қазір басқа жолдарын да тауып жатыр. Пилотсыз ұшу аппараттарымен, яғни дрондармен түрмеге заңсыз заттарды жеткізу фактілері де тіркеле бастады», — деп атап көрсетті Р.Жақсылықов.