Кемероводағы «Зимняя вишня» сауда орталығында болған өртті сөндіру кезінде селсоқтық танытты деп айыпталған өрт сөндіру қызметінің басшысы Сергей Генин түрмеде жатып хат жазып, қолдау көрсеткендердің барлығына алғысын жеткізді. Хаттың үзіндісін ТЖМ Сібір өңірлік орталығының баспасөз қызметі таратты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА РИА Новости сайтына сілтеме жасап.
«Сіздерге деген алғысымды қалай жеткізерімді білмеймін… Өмірде еш нәрсе тұрақты болмайды екен, мен осындай жағдайға тап боламын деп ешқашан ойлаған емеспін, бірақ болатын іс болды», — деп жазды Генин.
Өрт сөндірушінің айтуынша, тергеу изоляторындағылар және мекеменің басшылығы оған көршісіндей жақсы қараған. «Камераға кірген сәтте есеңгіреп, үмітім үзілді, бірақ олар маған моральдық тұрғыда қолдау көрсетті… Қазір жағдайым тұрақталып қалған сияқты, әкімшіліктің қарым-қатынасы жақсы, дұрыс», — деп жазды Генин.
Оның жазуынша, қамалғаннан кейін ол көп нәрсені ой елегінен өткізген, бастапқыда тергеу изоляторында қиын болған, ол ұйықтай алмапты, бірақ психологтардың жұмысының арқасында және көршілері мен әкімшіліктің қолдауымен жеңілдеп қалған.
Генин өз хатында жақын арада үйіне және жұмысына қайта оралатынынан үмітті екенін жазды. «Мені ақтайды және босатады!», — деп жазды ол.
Айта кетейік, Кемероводағы «Зимняя вишня» сауда орталығында 25 наурызда өрт болып, 64 адам қаза тапты, олардың арасында 41 бала бар. Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Генин селсоқтық танытты деп айыпталған. Тергеудің нұсқасы бойынша, ол өрт кезінде адамдарды құтқару үшін қол астындағы қызметкерлерін адамдарға дейін жететін қысқа жолды таңдамай, ұзақ жолмен жіберіп, уақыт кетіріп алған. Кейін ТЖМ басшысы Владимир Пучков пен қоғам белсенділері өрт сөндірушінің жағына шықты.