Қостанайлық кәсіпкер қалдықтарды кәдеге жаратуда

0 14

Қостанайлық кәсіпорындардың бірі қалдықтарды кәдеге жаратып, жаңа табыс көзін тапқан. Анығын айтқанда, пластик бөтелке қалдықтарын өңдеп, геотекстиль мен геотор өндірумен айналысады. Бұл кәсіпорынның қысқа мерзім ішінде еліміздің үздік өндіріс орындарының қатарына қалай енгендігін және нарықты қалай бағындырғанын кәсіпорын директоры Марат Сәдуақасов айтып берді,  — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Небәрі бірнеше жылдың ішінде жергілікті «S.M.F. — System» компаниясы қазақстандық нарықты жаулап алып, өткен жылы «Алтын сапа» конкурс-көрмесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясын жеңіп алды. Бұл жеңістің құпиясы қарапайым.

Біріншіден, Марат Сәдуақасовтың кәсіпорны қалдықты кәдеге жарататын — нағыз «жасыл» өндіріс орны. Екіншіден, компания құрылғанына көп болмаса да, қазақстандық нарықты жылдам жаулап алған.

Кәсіпорын директорының айтуынша, бәрі киімнің ішкілігін әзірлеуден басталыпты. Кәсіпкер қытайлық және ресейлік өндіріс орындарының жоғары бәсекелестігіне қарамастан, қысқа мерзім ішінде еліміздегі холофайбер мен синтепонға деген 90 пайыз қажеттілікті өтеген.

Жылытқыштар арқылы табыс тапқаннан кейін кәсіпкер автожол құрылысында пайдаланатын геотекстиль мен геоторлама өндіруді қолға алған.  М.Сәдуақасовтың айтуынша, жолдың негізін нығайтатын және оны судың шайып кетуінен қорғайтын заманауи материал қарапайым ғана пластикалық бөтелкеден жасалады.

Марат Сәдуақасовтың ендігі жоспары — құбырлар жасап шығару. Тіпті, ол үшін қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып қойылған.

«Еңбегімнің республикалық деңгейде еленуі мені қатты қуантты. «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпазы атанған соң, маған тұтынушылармен байланыс орнату жеңілдей түсті. Бұл беделдің белгісі деп білемін. Тұтынушылар да марапат алған кәсіпорынның тегін еместігін байқап отыр», — деп атап өтті кәсіпкер.

Марат Сәдуақасовтың айтуынша, өндіріс орны байқауға тағы да қатысуға үмітті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.