Малайзия астанасы Куала-Лумпур қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық көркем гимнастшылар командалық жарыста 1-орынға ие болды. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Гимнаст қыздар командасының құрамында Роза Абитова, Рената Жолдинова, Сәбина Бақатова, Айбота Ертайқызы болды.
Жарыстың екінші орнын өзбекстандық қыздар иеленсе, үшінші орынға жапондық гимнастшылар тұрақтады.
Сонымен қатар, Дияра Аппас, Балқыз Елшібек, Дильноза Мансұр, Ясмин Алиева, Дерия Тоқдемір, Аруана Садубаева көпсайыстағы топтық жаттығуда үшінші орыннан көрінді. Екінші орын қытайлық қыздардың еншісінде, бірінші орында жапондық қыздар.
Айта кетейік, Роза Абитова қазанның 6-18 аралығында Аргентина астанасы Буэнос-Айреста өтетін Жасөспірімдердің Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алды.
Естеріңізге сала кетсек, 28 сәуір мен 3 мамыр аралығында Куала-Лумпурде көркем гимнастикадан 10-шы Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа Азияның 18 мемлекетінен келген спортшылар қатысуда.
Спортшылар көпсайыста, көпсайыстың кейбір түрлері мен командалық біріншілікте медальдарды сарапқа салады.