Ертең Волгоград облысындағы Мамаев қорғанында Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің құрметіне тасбелгі орнатылады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz арнасына сілтеме жасап.
Еңселі ескерткіш «Отан ана шақырады» монументінің жанында менмұндалап тұр. Айта кетейік, Мамаев қорғанында «Сталинград шайқасының батырларына» атты мемориалдық кешен бар. Оның құрамында Татарстан, Қарашай-Черкессия, Осетия, Хабаровск аймағының жауынгерлеріне арнап белгілер қойылған. Енді солардың қатарынан 200 күнге созылған Сталинград шайқасына қатысқан майдангерлеріміздің еңселі ескерткіші бой көтерді. Ал бұл шайқаста екі миллионнан астам жауынгер ерлікпен қаза тапқан.
Айта кетейік, ескерткішті ашуға павлодарлық металлургтер мұрындық болды. Бүгінгі таңда Ресейдің Волгоград және Тверь облысында екі павлодарлық жасақ іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Басты мақсат – елден жырақта шейіт болған солдаттарды елге әкеліп, туған топыраққа жерлеу. Бүгінгі күнге дейін «Панфиловшылар» жасағы ресейлік әріптестерімен бірге 12 жауынгердің, ал «Майдан жолы» отрядының өкілдері 3 майдангердің сүйегін тапқан. Енді олардың аты-жөндерін анықтап жатыр.
Хамзя Гафуров, Ұлы Отан соғысының ардагері:
«Бойымды тек қуаныш кернеп тұр. Мен – Жамбыл облысының тумасымын. Сондықтан қазақстандық жерлестерімнің рухына тағзым етіп, еңселі ескерткіш орнатқанын мақтан етемін. Қазақтың ержүрек солдаттарының ерлігін Волгоград жұрты ешқашан ұмытпақ емес, ұмытуға құқықтары да жоқ.
Гүлнәр Нұрахметова, Қазақстан делегациясының мүшесі:
«Қаза тапқан адамның тегін көргенде жүрегің ауырады. Сондықтан көптеген жұмыс жасаймыз осы жерде. Архивтерде жұмыс жасаймыз. Музейлерде ары қарай іздеу жұмыстары жалғасын табады деп ойлаймын».