Бүгін Қапшағай қаласында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Жаңа нысанда «бір терезе» қағидаты бойынша бухгалтерлік, заңгерлік, маркетингтік қызметтер, мемлекеттік сатып алу, кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер беріледі, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықовтың сөзінше, Қапшағай қаласындағы КҚКО Алматы облысында аудандық және қалалық деңгейде ашылған тұңғыш орталық екен.

«Бұл Орталықтың ашылуы Қапшағай кәсіпкерлеріне толық қызмет көрсетіп қана қоймай, Балқаш және Кербұлақ ауданының кәсіпкерлеріне де тиісті қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарын Талғар мен Қарасай аудандарында да ашуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, біздің қызмет Алматы өңіріндегі кәсіпкерлер үшін одан ары қолжетімді және қолайлы болады», — деді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов.
Жаңадан ашылған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлерді сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары мәселелері бойынша қабылдап, қызмет көрсетеді. Сонымен бірге, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ғимаратында «Бизнес мектеп» компоненті бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мен семинарлар жүргізіледі.

Айта кетейік, биыл Кәсіпкерлер палатасының Қапшағай қалалық филиалы кәсіпкерлерге 500-дей сервистік қызмет көрсетіп, кеңес берді. Өткен жылы 45 бизнес-жоспар әзірленіп, оның 16-ы жалпы құны 72 млн теңгеге «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында қаржыландырылды. Қалалық филиалдың қолдауымен 2017 жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 28 млн теңгеге 2 жоба қаржыландырылды және 3 жоба құны 4,5 млн теңге болатын мемлекеттік грантқа ие болды. «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша 36 қапшағайлық бизнес оқытудан өтті. Ал «Іскерлік байланыстар» жобасы арқылы 3 кәсіпкер шетелде өз біліктілігін арттырып келді.
Еске сала кетейік, Алматы облысындағы тұңғыш толықформатты Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жыл басында Талдықорғанда іске қосылған болатын.