Қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновтың промоутері Эдди Хирн екінші жекпе-жекті қай жерде ұйымдастыратынын нақтылады, — деп xабарлайды «Zhambylnews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұған дейін Данияр Елеусіновтың екінші жекпе-жегі Ұлыбританияның Лондон қаласында немесе Ньюкаслда өтеді деген ақпарат болған. Лондонда 6 маусымда Лоуренс Околи мен Люк Уоткинстің жекпе-жегі ұйымдастырылса, Ньюкасл қаласында 16 маусым күні Джош Келлидің қатысуымен бокс кеші өтеді. Промоутер Эдди Хирн бүгін қазақстандық боксшының екінші жекпе-жегіне қатысты ақпаратты нақтылап, жақын арада анонс жасайтынын жариялады.
«Данияр Елеусінов сияқты жас жігітті әлем чемпионы атағына жеткізу бақыты маған бұйырып отыр. Соған өте қуаныштымын. Менің жолым болды. Даниярдың келесі жекпе-жегі Ұлыбританияда маусым айында өтеді. Жақын арада анонс жасаймын», — деп жазды Э.Хирн өзінің Туиттердегі парақшасында.
Айта кетейік, күні кеше Данияр Елеусінов кәсіби бокстағы дебютін тамаша нокауттан бастады. Алғашқы жекпе-жекте қазақстандық боксшы америкалық Ноа Кидті тізе бүктірді. «Мен үлкен тәжірибе алдым. Кәсіби бокстың, кәсіби рингтің, кәсіби қолғаптың не екенін сезіндім», — дейді Д.Елеусінов.