Ағымдағы жылдың 25-28 сәуір аралығында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен Өскемен қаласында Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназиясында Қанипа Бітібаеваға арналған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиада өтті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
Білімдерін сынға салған додаға еліміздің білім беру ұйымдарынан аймақтық кезеңнен өткен 9 — 11 сыныптан 200-ден астам оқушы қатысып, бақтарын сынады.
2 кезеңнен тұрған олимпиадада оқушылар ұсынылған тақырыптар бойынша эссе жазып, өз көзқарастарын көрсетті.
Білімділер додасының қорытындысы бойынша Жамбыл облысынан қатысқан 11 оқушының 5-і жүлделі орындарды иеленді. Атап айтсақ, Меркі ауданы №17 мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы Мадина Жетпіс және Шу ауданы Ә.Молдағұлова атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Гүлназ Шами жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Ал Қордай ауданы №51 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Азиза Серікбай, Тараз қаласындағы №1 гимназияның 10 сынып оқушысы Ботагөз Жылысбек және №44 орта мектептің 9 сынып оқушысы Аяжан Бекмұрат ІІІ орындың теңдей бөлісіп, облыс абыройын асқақтатты.
Олимпиаданың салтанатты жабылуында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Білім және ғылым министрлігінің дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.