Орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) америкалық Ванес Мартиросянға қарсы кездесуді не үшін тез аяқтағанын түсіндіріп, мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен (49-1-2, 34 КО) екінші кездесуге қатысты мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА 24.kz ресми сайтына сілтеме жасап.
Олардың кездесуі Астана уақытымен 6 мамыр күні таңда Карсон (Калифорния штаты, АҚШ) қаласындағы StubHub Center спорт кешенінде өтіп, екінші раундта қазақстандық боксшының жеңісімен аяқталды. Осылайша Мартиросян карьерасында бірінші рет нокаутпен жеңілсе, Головкин чемпиондық белбеуді қорғау көрсеткіші бойынша атақты Бернард Хопкинспен теңесті.
«Бұл бокс жанкүйерлері үшін үлкен сыйлық болды. Бұл менің «Синко де Майоға» арнаған сыйлығым, шаршы алаңға қайта оралғаныма қуаныштымын. Командама алғысымды айтамын.
Мен бірінші раундта Ванеске еркіндік берген едім. Бірақ бұл ойын емес, нағыз шайқас. Бірінші раундта мен қашықтықты және өз күшімді жақсы сезініп алдым. Содан соң кездесудің екінші раундта-ақ аяқталатынын түсіндім.
«Канеломен» екінші рет кездесу. Әрине, мен бұл жекпе-жекті өткізуді қалаймын. Қыркүйек айында немесе басқа күні онымен жұдырықтасуға дайынмын. «Канелоға» қатысты допинг жайлы? Мен бұл тақырып туралы бірнеше рет айтқанмын. Мен таза боксшымын. Жекпе-жек өткізуге дайынмын. Ал допинг – оның өз проблемасы», – деді Головкин рингсайдта.
Сондай-ақ, GGG орта салмақтағы барлық боксшыларды жеңгісі келетінін айтты. «Менің чемпион болып жүргеніме тоғыз жыл болды. Белбеулерім толып жатыр. Жігіттер, қолдарыңнан келсе тартып алыңдар», – деді Головкин.