Отан қорғау қашан да қастерлі, абыройлы міндет. Бүгінде жеріміздің қорғаны, еліміздің тұтқасы болып жүрген ерлеріміз жетерлік. Мәселен, Жамбыл облысында ерекше әскери тапсырмаларды орындайтын бірегей бөлім орналасқан. Мұнда кәсібилігімен көзге түскен сарбаздар қызмет етіп жатыр, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА 24.kz ресми сайтына сілтеме жасап.
Міне, бұл арнайы мақсатта жұмылдырылатын таулы-егерлік ротасы. Мұндағы әр жауынгерге бір жылқыдан бекітілген. Әрқайсысы әскери іс-қимылға үйретіп, дағдыландыруға міндетті. Сондықтан үнемі әскери пәрмендерді орындап, үздіксіз жаттығады.
Асқар Әбдуәлиев 10 жылдан бері әскери қызметте. Бұл оның бала күнгі арманы. Кезінде оның ата-анасы мұғалім болуын қалаған. Соған қарамастан әскери қызметті таңдапты. Ол жерін қорғап, еліне қызмет ету нағыз ер азаматтың ісі деп санайды.
Асқар Әбдуәлиев, таулы-егерлі ротасының взвод командирі:
— Өзім бала кезден армандап осы әскерге келуді. Отанын қорғау, жерін қорғау, елін қорғау, әр азамат өзінің борышын осы елге деген, осы Отан қорғау керек деп түсінемін. Өзімізбен бірге жаттығып жатыр. Бұлар да әр пәрменді үйретпесе, бұлар да адам секілді орындамайды жаңағы пәрмендерді. Әр пәрменді күндіз түні осыларға үйрету керек. Жаттығу керек. Осылармен бірге олардың іс-қимылына өзіміз де үйренісуіміз керек.
Бұл әскери жылқылар барлау кезінде оңтайлы әрекет етіп, жедел қозғалуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тау-тастың ішімен оқ-дәрі тасмалдауға ыңғайлы. Ал ротаға міндетті түрде ауылда туып-өскен жігіттер алынады. Өйткені сарбаздардың ат баптап, оны баға білуі шарт.
Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының 91 678 әскери бөлімі заманауи техника және соңғы үлгідегі қару-жарақпен толыққтай қамтамасыз етілген. Офицерлер құрамы жоғары білікті.
Айдос Дамаев, 91 678 әскери бөлімінің командирі:
— Офицерлеріміз, сержанттарамыз деген Қазақстан ішінде, қарулы күштердің ішінде де өздерінің класификациясын көтеріп жатыр. Және шет елде. Еуропа жақтарда, Франция, Германияда барып келіп, үйреніп, тәжірибе алмасып жатыр.
Бұл өз нәтижесін беріп жатыр. Қазір жауынгерлер алға қойылған тапсырмаларды орындап, елге төнген қауіп-қатерге төтеп беруге сақадай сай. Батыр бабаларының жолын жалғаған мұндай жігіттер барда ел тыныштығы бұзылмасы анық.