Halyk Bank желіде банктің атын пайдаланып, жалған ұтыс ойындарын ұйымдастыратын алаяқтар туралы ескертті
Halyk Bank желіде банктің атын пайдаланып «ұтыс ойындарын» ұйымдастырып жүрген алаяқтар туралы ескертті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
«Сіздерді әлеуметтік желілердегі «ақылы сауалнамалардан» сақтандырамыз. Бұл алаяқтардың ісі! Олардың хабарландыруында Halyk Bank корпоративті түстері, логотипі, өнімдер мен банк формасын киген қызметкерлердің суреттері, ойдан құрастырылған адамдардың жалған пікірлері мен «клиенттерді қолдау қызметінің» байланыс нөмірлері көрсетілген», – делінеді хабарламада.
Halyk Bank-тің өз клиенттері арасында ақылы сауалнаманы ешқашан жүргізбегені және клиенттер туралы мәліметті бөгде интернет-сайттар арқылы жинамайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ, алаяқтарға алданып қалмас үшін қандай сақтық шараларын қолдану керек екенін айтты.
Банк қызметкерлері қазақстандықтарға жеңіл ұтыс туралы хабарландырулар мен «ұтымды» сатып алу туралы күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, сонымен қатар өзінің жеке мәліметтерін құпия ұстауға кеңес береді.