Қазақстандық ғалымдар мен тарихшылар енген экспедиция Аралды зерттеуге аттанды

0 9

«QazaqGeography» қоғамының ғылыми-танымдық бағытты көздеген экспедициялық тобы Астанадан Арал теңізіне жолға шықты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«QazaqGeography» Қазақстан ұлттық география қоғамының экспедиция тобы бүгін сағат 08:00-де елордадағы Назарбаев Университетінен қозғалды. 20 адамнан тұратын топ мүшелері Астана — Қарағанды — Балқаш — Шу — Тараз — Шымкент — Ташкент — Самарқан — Бұқара — Үргеніш — Нүкіс — Мойнақ — Арал теңізі — Бейнеу — Бозой — Арал теңізі — Арал — Қызылорда — Жезказған — Қарағанды бағдарын бағындырып, Астанаға қайтып келмек. Экспедицияның басты мақсаты Солтүстік Аралдың бірнеше бөліктеріндегі судың гидробиологиялық ахуалын зерттеп, Арал аймағы бойынша туристік бағдарлардың картасын әзірлеу болып отыр.

«Бұл экспедиция негізінен 20 күнге созылып, 5 көлікке мінген топ 7 мың шақырым жол жүреді. Астанадан бастап Тараз, Шымкент қалалары арқылы біз Өзбекстанға — Ташкент, Самарқан, Бұқара қалаларына барамыз. Өзбекстан арқылы теңіздің оңтүстіктегі бөліктерін аралағымыз келеді. Оңтүстік пен Солтүстік Аралдың бөліктерінен судың онға жуық сынамасын алмақпыз. Ғылыми тұрғыда судың қышқылдығын, тұздылығын, лас немесе тазалығын, басқа да параметрлері бойынша зерттеулер жасалады», — дейді «QazaqGeography» Қазақстан ұлттық география қоғамының менеджері, экспедиция басшысы Нұржан Алғашов.  

Оның айтуынша, экспедициялық топ судың қалпын, теңіздің экожүйесін зерттемек. Екіншіден, топ мүшелері осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын, халықтың әл-ауқатын саралап қайтуды көздеуде. Сол себепті, экспедицияға біршама тілшілер де алынған. Үшіншіден, осы экспедиция кеденаралық туризмді дамытуға серпін беруді жоспарлап отыр.

«Экспедиция құрамына Назарбаев Университетінің гидробиолог ғалымдары, тарихшылар, фотографтар мен тілшілер енді. 2016-2017 жылдары да Аралға екі экспедиция жүргізілген болатын. Аяқталғаннан кейін ғалымдар өздерінің ғылыми жұмыстарына кіріседі. Оқырмандар QazaqGeography.kz сайтынан осы зерттеулерді көре алады», — деді Нұржан Алғашов.      

Қазақстандық ғалымдар мен тарихшылар енген экспедиция Аралды  зерттеуге аттанды

Leave A Reply

Your email address will not be published.