Елордада екінші қазақстандық-ресейлік сарапшылық форумы өтті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Форум барысында Қазақстан мен Ресейдің белгілі сарапшылары Еуразиялық интеграцияны дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Бірінші сессияны мамандар «Жаһандық геосаяси трансформация дәуіріндегі Еуразия» тақырыбына арнады.
Халықаралық қатынастар жөніндегі қазақстандық кеңестің атқарушы директоры Ескендір Ақылбаев ирандық келісімнен АҚШ-тың шығуы мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, аталған оқиға барша еуразиялық кеңістікке әсер ететін болады.
Өз кезегінде «Валдай» халықаралық пікірталас клубы даму және қолдау қоры кеңесінің төрағасы Андрей Быстрицкий осындай диалог алаңының қажеттігін атап өтті.
«Бұл біздің екінші сарапшылық диалогымыз. Бұл тұрғыда үшінші осындай талқылаулар болады деген үміттемін. Осы тектес пікір алмасулар қайшылықтардың алдын алуға ықпал етеді. Жалпы алғанда, біз сын-қатерлер мен қауіптерді ескере отырып, оңтайлы көзқарастарды ұстанып отырмыз», — деді Андрей Быстрицкий.