Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

0 3

Елбасы Өкімімен Бас прокуратураға қарасты комитеттің төрағасы тағайындалып, Ақмола мен Шығыс Қазақстан облыстарында аудан басшылары ауысты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Сонымен, Мемлекет басшысының Өкімімен Қайрат Жақыпбаев Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

Қайрат Төлегенұлы 1964 жылы 15 ақпанда дүниеге келген. 1985 жылы Қазақ мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген, заңгер. Арыс ауданаралық прокуратурасының прокуроры, ҚР Бас прокуратурасы Аса қауіпті қылмыстарды тергеу жөніндегі басқармасының бастығы, ҚР ІІМ Мемлекеттік тергеу басқармасы бастығының орынбасары, Жалпы қылмыстық тергеулер бас басқармасы бастығының бірінші орынбасары, Мемлекеттік тергеу департаментінің бастығы, Әскери-тергеу департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. ҚР Парламенті Заң шығармашылығы және мониторинг орталығының директоры, ҚР Парламенті Мәжіліс аппараты заңнама бөлімінің меңгерушісі, ҚР Парламенті Мәжіліс төрағасының кеңесшісі, ҚР Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитеті төрағасының орынбасары болған. 2008 жылдан «KEGOC» АҚ-ның Құқықтық қамтамасыз ету және қауіпсіздік жөніндегі басқарушы директоры, Құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры болып істеген.

Ақмола облысының əкiмi Мәлiк Мырзалиннің өкiмiмен Жақсы ауданының әкiмi қызметiне Бауыржан Мәлгаждаров тағайындалды.

Бауыржан Бағждатұлы 1977 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Чкалов ауданында туған. Білімі жоғары. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін инженер-экономист мамандығы бойынша, сондай-ақ, «Фемида» заң институтын, гуманитарлық-техникалық академияны тәмәмдаған. Еңбек жолын 1999 жылы Ақмола облысының экономика басқармасында бас маман ретінде бастаған. Әр жылдары осы басқармада түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2008-2009 жылдар аралығында Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары қызметінде болды. Соңғы қызметке тағайындалғанға дейін Ақмола облысы экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің өкімімен Көкпекті ауданы әкімі қызметіне Асхат Смаилов тағайындалды

Асхат Сайдахметұлы 1968 жылы 1 наурызда Семей облысы Ақсуат ауданы Қызыл Кесік ауылында дүниеге келген. 1991 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін «экономист» мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 1994 жылы Ақсуат аудандық қаржы бөлімінің кірістер түсуін болжау және экономикалық талдау бөлімінің аға экономисінен бастаған. Кейін Тарбағатай аудандық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бюджет бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. 2002-2005 жылдар аралығында Тарбағатай аудандық экономика бөлімінің, кейін аудан әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің бастығы болды. Екі жыл Тарбағатай аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы лауазымында қызмет етті. 2009 жылдың желтоқсанында Көкжыра ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды. Соңғы 8 жылда Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Алан Әжібаев «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Алан Ғазизұлы 1974 жылғы 22 қаңтарда Алматы қаласында туған. Қазақ және орыс тілдерін меңгерген. 1996 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген, сондай-ақ Ұлыбританияның Ланкшир университетінің «БАҚ-тағы менеджмент» сертификатына ие. 1994-1995 жылдары «Макс» телерадиокомпаниясында радиожүргізуші, 1995-1997 жылдары «31-арнада» тележүргізуші болып жұмыс істеді, 1997-1998 жылдары «City» телерадиокомпаниясы» ЖШС бағдарламалар жөніндегі директоры, 1999 жылы «Радио Караван» директоры лауазымдарын атқарды. 1999-2008 жылдар аралығында кәсіпкерлік қызметпен айналысты. Одан кейінгі жылдарда «Таң» телерадиокомпаниясы» ЖШС-тің, «Тенгри ФМ» радиосының бас продюсері, 2012-2014 жылдары «SKYMAX MEDIA» бас директоры, 2014-2016 жылдары «Айқын» және «Литер» қоғамдық-саяси газеттерінің директоры болды.  2016-2018 жылдары Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі лауазымын атқарды.

ҚР Премьер-Министрінің өкімімен Премьер-Министр Кеңсесінің Ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі орынбасарының міндеттерін атқару Диас Рахметұлы Есдәулетовке — ҚР ПМК АТО жедел ақпарат секторының меңгерушісіне тапсырылды.

Диас Есдәулетов 1987 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 2010 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Джао Тонг Шанхай университетін «Ақпараттық технологиялар және телекоммуникациялық жүйелер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2011 жылғы қаңтарда бастаған. Әр жылдары «2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарының ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ-да, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да қызмет еткен. 2012-2015 жылдары «Қазконтент» АҚ-да: маман, ақпараттық-талдау орталығының басшысы, жобаларды басқару департаментінің директоры, медиа жобалар бойынша басқарушы директор қызметтерін атқарған. 2015-2016 жылдары ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ-де басқарма басшысы лауазымын атқарған.

ҚР Премьер-Министрінің өкімімен Мәрлен Болатбекұлы Ибраев Премьер-Министр Кеңсесінің Ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі болып тағайындалды.

Мәрлен Ибраев 1978 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1999 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «экономика және менеджмент» мамандығы бойынша, 2002 жылы — «Әділет» жоғары құқық мектебінің құқықтану академиясын «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2004 жылы Лейпциг университетінде еуропалық интеграция құқығы саласында магистр дәрежесін алған. Еңбек жолын 2002 жылы бастаған. 2002-2006 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі құрылымында, 2006-2007 жылдары — «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да еңбек еткен. 2007-2010 жылдары банк секторында қызмет атқарған. 2010-2016 жылдары ҚР СІМ Халықаралық-құқық департаментінің үшінші хатшысы лауазымын, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Швейцар Конфедерациясындағы Елшілігінің үшінші, екінші, бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымында 2016 жылдан бері жұмыс істейді. 2016-2017 жылдары — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Ақпараттық-талдау орталығының жедел ақпарат секторының меңгерушісі. 2017 жылдың мамыр айынан бастап — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісінің орынбасары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.