Бұл туралы ӨКҚ өткен брифингте Орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр қажы Жұмабаев мәлімдеді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
Қасиетті айда рухани кештер ұйымдастырылып, қаланың біраз мешіттерінде ауызашар дастархандары жайылады. Бір ай бойы қала және аудандық кейбір мешіттерде тарауих намаздарында қарилардың қатысуымен «Құран хатым» оқылады. Сонымен қатар Орталық «Һибатулла Тарази» мешіті мен қалалық «Кеңесхан қажы» мешіттерінің жамағаты үшін түнгі уақыттарда тарауих намазынан шыққан кісілерді үйлеріне жеткізіп салуға тегін автобустар қойылады. Қадір түнінде арнайы бағдарламалар жасалып, айт мерекесі ұлттық нақышта өтеді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «2018 – Ислам және отбасы жылы» деп аталып, пітір садақа құны 300 теңге болып бекітілді.
Кәсіпкерлерді рамазанның құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға, жол-көлік ақысына жеңілдіктер жасауға үндейді.
Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмеуін сұрады.
ҚМДБ бекіткен 2018 жылғы діни күндер күнтізбесіне сүйенсек, осы жылы Рамазан айы мамырдың он жетісіне сәйкес келіп тұр. Ал 15 маусымда Оразаның соңғы күні. Маусымның 9-нан 10-на қараған түні – Қадір түні.
Ораза айт 16 маусымда, ал Құрбан айт 21 тамызда басталады.